Айман Омарова Тоқаевтан көмек сұрады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында адвокат Айман Омарова сот жүйесіне өзгерістер қажет екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық адвокат, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Түркістан облысында зорланған 13 жасар баланың ісіне араласуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің қатысуымен өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында адвокат Айман Омарова адам зорлау мәселесін көтерді. Айтуынша, ол қазір зорланған 9 баланың ісін қарап жатыр. Осы орайда кеңес мүшесі сол істердің бір-екеуін мысалға келтірді.

«Сарыағаш ауданындағы интернатта он үш жасар баланы бір жыл бойы зорлаған. Оны балалар «тесік» деп атаған. Жығылғанға жұдырық деп, Түркістан облысының соты зорлаған баланы ақтап жіберген. Өйткені интернатты жапқысы келмейді. Осы мәселеге көңіл аударуыңызды сұраймын», — деді Омарова Қазақстан президентіне.

Адвокат Арқалық іргесіндегі ауылда болған жаға ұстатарлық оқиғаны айтып берді.

«Кішкентай ауылда 14 ер адам бір қызды зорлаған. Қазір ол іспен не болып жатқанын білмейміз. Ал қыз босанып алды. Полиция кінәлілерді қамаған да жоқ. Енді халықтың соңғы үміті – сот. Бәрі де сот әділетті болса екен деп ойлайды», — деді Омарова.

Оның пікірінше, халықтың сот жүйесіне сенімі азайған, сондықтан бұл салаға өзгерістер қажет.

«Сотта тек адал, кәсіби мамандар отыруы керек», — деді кеңес мүшесі.

Бұдан бөлек, адвокаттың пікірінше, адам зорлау ісімен айналысатын арнайы департаменттер құру қажет.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Нұр-Сұлтанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес биыл маусымда Тоқаевтың жарлығымен құрылған болатын.



sputniknews.kz