«Аяқтың астында тапталуына жол бермейміз»: ШҚО-да Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған кешеннің құрылысы жұртты шулатты – Қазақстан жаңалықтары

0

Шығыс Қазақстан облысында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған жаңа кешеннің құрылысы басталып кетіпті. Алайда дәстүрлі әншілер домбыра пішіндес стелланың салынуына қарсы болуда. Сөздерінше, талай ғасыр атадан балаға мұра болып қалған ұлттық құндылықты аяқасты ету ұлтқа және өнерге қиянат жасаумен тең. Алайда құрылыс жобасын қолдаған өнерпаздар кездеседі екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 
домбыра

Абайдың 175 жылдық мерейтойы басталатын Сырт-Қасқабұлақта аумағы бір гектардан асатын үш ішекті домбыраның макеті салынып жатыр. Бұл кешен ақынның туған жері Жидебайдан 20 шақырымда орналасқан. Десек те билік өкілдерінің бұл бастамасына қарсы болып жатқандар бар көрінеді. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман «Домбыраның жерге төселіп, аяқққа тапталуы ақылға сыйымсыз» – дейді.

«Қазақ ұлт қадірлейтін дүниені жерге таптап жасауға болмайды ғой! Ертең ол жерде дүркіреп той өтеді. Қаншама қарақұрым халық жүреді. Ол жерге былшылдатып түкіреміз. Абайдың көрген қорлығы аз емес. Енді өлгеннен соң, сонша қорлайтындай не болды? Бұл, біріншіден, үлкен ұлттық дүние тұр. Жалпы, домбырада бүкіл қазақтың тарихы жатыр», – дейді дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман.

Атап кетерлі жайт, кешен жұмысымен аймақ басшысының өзі Даниал Ахметов танысып қайтқан болатын. Ол жоба құрылысын атқарып жатқандардың жұмысына оң бағасын беріпті. 

«Жарты жылда дайындықтың алғашқы кезеңі бітті. Мынау тұрған Абайдың домбырасы. Мерейтойға дейін құрылыс пен абаттандыру жұмыстары аяқталады. Бұлақты тазалап, жан-жағын реттейміз. Туризмді дамытамыз», – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Десек те жаңа нысанның құрылысын қолдайтындар да бар сыңайлы. Мәселен дәстүрлі әншілердің бірі Ерлан Рысқали «қайта осы арқылы домбыраның қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеміз», – дейді.

«Шетелден келген адамдар көруі керек. Ұлттық аспапты қаншалықты қадірлейтінімізді. Мен өз басым қолдаймын. Неге? Бұл жақсы дүние. Қазақтың сөзі бар: «Өнерде шек жоқ» дейді. Бұл бір өнердің шексіз екендігінің көрінісі. Одан кейін егер шынайы қарасақ, жерде жатқан домбыра емес, макет қой. Ол шын домбыра емес», – дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Бұған қоса Ақшоқыда Құнанбай әулетінің қорымы жаңартылып, музей салыну жоспарланыпты. Сондай-ақ Жидебайдағы мемориалдық кешен де жөнделу жұмыстарынан өтпек. 

Елді шулатқан кешеннің құрылысы жайлы мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері пікір білдірді. 

«ШҚО Сырт-Қасқабұлақ жерінде домбыра пішінді саябақ жобасын жасап жатқаны белгілі болып отыр. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органның құзырында болғандықтан, министрлікпен келісілген жоқ. Келісу де шарт емес, өйткені барлық абаттандыру жұмыстары сол жергілікті атқарушы органдар өздері дербес шешеді», Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры», – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Күміс Сейітова.

Тағы бір ескеретін дүние жоба құны 50 миллион теңгеден асады екен. Ал алдағы уақытта наразылық тудырған кешеннің жоспары өзгертіледі ме, жоқ па әзірге беймәлім. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз