Абхазия билігі елдегі наразылықты «төңкеріс» деп атады

0

9 қаңтарда өзін мемлекет деп жариялап алған Абхазияда жұрт жаппай наразылыққа шығып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Жүздеген адам Сухум қаласында Абхазия президенті Рауль Хаджимба әкімшілігінің ғимаратына басып кірді. Ғимарат ішіне жиналғандар «Хаджимба, оставкаға кет!» деп айғайлады.

Абхазияның ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Беслан Багателия ТАСС агенттігіне «полицейлердің наразыларды президент әкімшілігі ғимаратынан ары ығыстырғанын, ішке кіргендер шығарылғанын» айтқан.

Бірақ кейін наразылар ғимаратқа қайта бет алып, ішке бірінші қабаттағы терезелер арқылы кірмек болды. Күзет ішке кіріп үлгерген бірнеше адамды қайта сыртқа шығармай қойды.

Абхазия президентінің әкімшілігі бұл наразылықты «билікке қарсы төңкеріс жасауға талпыныс» деп атады.

«Оқиғаны мемлекеттік төңкеріске талпыныс деп бағалаймыз. Билік республикадағы жағдайды конституциялық тәртіпке сай қалпына келтіру үшін қолдан келгенін бәрін жасайды» деп мәлімдеме таратты президент әкімшілігі.

Абхазиядағы «Айтаира» (Қайта жаңғыру) оппозициялық партиясы «елдегі жағдайды ушықтырмас үшін» Хаджимбаның оставкаға кетуін талап еткен.

Абхазияның қорғаныс министрі Мираб Кимшария Интерфакс агенттігіне «Абхазия әскері ешқашан өз халқына қарсы шықпайды, саяси істерге араласпайды» деді.

  • Абхазия – 1993 жылы Грузиямен соғыстан кейін өз-өзін жариялап алған сепаратистік аймақ. Абхазияның бөлінуін Ресей қолдап келген. 2008 жылы бес күнге созылған Ресей-Грузия соғысынан кейін Мәскеу Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған. Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресей басып алған аймақ деп санайды және Мәскеуді елдің шекарасын бұзды деп айыптайды. Ресей бұл аймаққа жиі көмектесіп тұрады. Бейресми деректерге сай, Мәскеу аймақтағы халықтың 90 пайызына төлқұжат берген.
  • 2019 жылдың тамызының аяғы мен қыркүйегінің басында Абхазия аймағында сайлау өтті. Екінші турға қазіргі президент Рауль Хаджимба мен оппозициялық «Амцахара» партиясының өкілі Алхас Квициния өткен. Кейін Хаджимба жеңіске жетті деп жарияланған. Бірақ оппозиция Хаджимба жеткілікті дауыс алмады деп, сайлауды қайта өткізуді талап етеді.

Azattyq