Абаев Нұр-Сұлтандағы аналар наразылығы жайлы пікірін айтты

0

17 мамырда Қазақстан ақпарат және қоғаммен даму министрі Нұр-Сұлтанда өткен Астана экономикалық форумында 16 мамыр күнгі аналардың наразылығы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

«Мәселен, кеше Астана экономикалық форумы өтіп жатқанда бір топ көп балалы ана шығып, баспана беруді талап етті. Олар көп балалы аналарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етуі керек деп санайды. Біріншіден, біз оларға баспана берсек, олар бақытты болып кете ме? Екіншіден, бұл мәселені шеше ме? Мемлекет баспанамен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлуге дайын ба? Бәлкім біз жағдай жасап, соған басымдық беруіміз керек» деді Абаев форумда.

Министр билік қандай жағдай жасау керектігін ашып айтпады.

16 мамырда таңертең баспана мәселесін шешуді талап еткен бір топ ана Нұр-Сұлтан әкімдігі алдына келген. Кейін өздеріне ешкім шықпаған соң, аналар экономикалық форум өтіп жатқан ғимараттың алдына барған. Олар форумға қатысып жатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуді талап етті.

Бірақ аналарға еңбек министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов шыққан. Олар аналармен бірге автобусқа отырып, әкімдікке қайтып келген. Сұлтанов әкімдікте аналарды қабылдап, «Нұр-Сұлтан әкімі азаматтарды заңға сай ғана кезекке қоя алатынын» айтқан.

Azattyq