35 жастағы вице-министр: Мені бәрі біреудің тоқалы не байдың қызы деп ойлайды — новости Казахстана

0

35 жастағы Жұлдыз Омарбекованың қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалуы ел арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік жас әрі сұлу арудың мұндай жетістікке өз күшімен жеткеніне күмәнмен қарауда. Осыған орай, мемлекеттік қызметкер аз ғана уақыт ішінде мансабының қалай қарқынды дамып кеткені туралы шындықы айтты деп жазады «Время» басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Премьер-министрдің ресми сайты

Фото: Премьер-министрдің ресми сайты

«Бауыржан» қайырымдылық қоры мен «Rating» зерттеу орталығының негізін қалаушы, әрі «Алтын жүрек» жүлдесін құрушы — дәл осы тізіммен Жұлдыз Омарбекова 2013 жылы Алматы әкімшілігіне келген болатын.

29 жастағы ару мәдениет басқармасының басшысына қайырымдылыққа қатысты кезекті жобаны таныстыруға келгенде лауазымды қызмет атқаруға ұсыныс алған.

«Ол мені соңына дейін тыңдап, осы айтқаныңның бәрін менің орынбасарым ретінде іске асырсаң қалай деді. Мен сасақалақтап қалы: «мұндай лауазым үшін емес, қолдау алу үшін келгем», — деп жауап қаттым.

Сол кезде басқармаға төрағалық еткен Қайрат Күлбаев маған мұнда жақсы істерді іске асыруға мүмкіндік көп болатынын айтып түсіндірді. Кейін оған өзімнің де көзім жетті» , — деді Жұлдыз.

Омарбекова мемлекеттік қызметті өзіне бұйырған бақытқа теңейді. Ол сүйікті іспен айналысып, сол үшін жалақы алу — әрбір адамның арманы екенін жеткізді.

Алайда ол басшы орынбасары болған жылдары 80-90 мың теңге айлық алғанын жасырмайды. Дегенмен бүгінде қоғамдық даму вице-министрі ретінде ару 400 мың теңге еңбекақы алатын болған.

Алматыда туылып өскен Жұлдыз үшін жұмысын Астанаға ауыстыру кішкене күмән келтірген.

«Кімнің ашынасы немесе қай байдың қызы? Оны бұл орынға кім қойды?»

«Жаңа қызметке ауысу шешімін қабылдау мен үшін қиынға соқты. Өмір бойы Алматыда болған мен үшін басқа қалаға көшу ауыр болды.

Мен жолдасым мен ата-анаммен ақылдастым. Олар маған барынша қолдау көрсететінін айтты. Бұл жолы да жаңа қызметте жаңа мүмкіндіктерге ие боламын деп ойлап, келістім» , — деді вице-министр.

Қазіргі таңда ол министрлікте жастар мен отбасы мәселелерімен айналысуда.

«Бұрындары мен жалақысы жақсы коммерциялық құрылымдарда жұмыс істедім. Өз қайырымдылық қорым бар. Өзіме өзім басшы болдым.

Қаласам шетелдік компанияларға да кіре аламын. Мен түрік және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп алғанмын. Алайда мен бәрібір де мемлекеттік қызметте қаламын.

Себебі, мен адамзат үшін жақсы істер атқарғым келеді. Бірақ, көпшіліктің шенеуніктерге қатысты ойы мені қынжылтады. Меніңше оларды мақтан тұту керек» , — деді Жұлдыз.

Бүгінгі күні ол отбасынан бөлек басқа қалада тұруға мәжбүр. Жолдасы мен балалары әзірге Алматыда. Шенеуніктің айтуынша, олар жақын арада көшуді жоспарлап жатыр.

Жұлдыз көпшіліктің мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ойы үлкен қате екенін жеткізді. Оның айтуынша, шенеуніктердің көбісі қарапайым адамдар.

«Мемлекеттік қызметке келмей тұрып, менде де ондай ой болғаны рас. Егер сен әкім орынбасары болсаң барлығы сенің міндетті түрде жасырын косымша бизнесің бар деп ойлайды. Негізі елімізде өте жақсы әрі адал шенеуніктер өте көп.

Менің де бұл орынға тағайындалуым қызу талқыға түскен. Халық сынап та жатты. Мені «кімнің тоқалы, қай байдың қызы?» ,»Кім қойып жүр мынаны» , -деп айтып жатты.

Құдай-ау, менің жасыратын нәрсем жоқ. Сүйікті күйеуім, екі балам бар» , — деп ағынан жарылды ару.

Айта кетерлігі, Жұлдыз Омарбекова вице-министр болып тағайындалған күні басылымдар «Алматы аруы вице-министр болды» деп жазған.

Бұл материалды көшіріп басу тек қана «Время» басылымының рұқсатымен ғана іске асырылады.