«3 жерде жұмыс істедік»: Нұр-Сұлтанда бір топ көпбалалы ана министрлік алдында шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар премьер-министрмен кездесуге жиналды. Әйелдер Асқар Мәминнің өзіне арызданбақшы болған. Алайда, ашынған аналар үкімет басшысын алыстан айқайлап шақырумен ғана шектелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

көпбалалы ана

Жиналғандар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алатындардың биылғы тізіміне іліне алмай қалғандар. Олар 2600 үміткерден тек 414 өтініш қабылданғанына наразы. Былтыр дайын болмадық, ал биыл алуға үміттенген едік, дейді аналар.

«Бұл жылы дайындалдық, 6 ай бойы ақша жинадық. 3 жерде жұмыс істедік. Салық десе, оны төледік. Енді жолдама алға дайынбыз дегенде біз жаңа заң ойлап тапты», — деді көпбалалы ана Аягөз Өтембаева.

Жаңа заң дегендері — үкіметтің биылғы шектеулері. Жауапты мамандар бюджеттен бөлінген қаржыны кезекте тұрған адамдардың санына қарай бөлеміз деп түсіндірмек болды. Биыл жоспарлары жүзеге аспай жатыр екен.

«Бюджетке байланысты болады бәрі де. Қазір өздеріңізде көріп отырсыздар, бүкіл дүние жүзінде экономикалық дағдарыс болып жатыр. Биылға 100 млрд теңге жоспарланған болатын, бірақ қазір оның тек 49 миллиарды банкке жетті», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Бейбіт Шаханов.

Қалған ақша түссе тағы бірнеше отбасы баспаналы болады. Алайда, ол Нұр-Сұлтан қаласындағы кезекте тұрған көпбалалы, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарды толық қамтыға ол да жетпейді екен. Ал аналар ес білгелі баспанаға зар болған балаларымыз оны түсінбейді деп отыр.

«Мен кеше қызым келіп, мына жерде байлар тұра ма дейді. Өйткені мен 15 шаршы метр жатақханада тұрамын. Мен де 4 баламен жақсы өмір сүргіміз келеді. Артық нәрсе сұраған жоқпыз. Ұйықтап отырған депутаттар тұрсын, оянсын, халықтың жанында болсын, шықсын, біз де үндемейміз», — деді көпбалалы ана Ұлжан Мырзагелдиева. 

Үкімет өкілдері «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін созылады, ешкім де баспанасыз қалмайды деп сендірмей болды. Алайда, премьер-министрдің өзі ешнәрсе айтпаған соң, аналардың күмәні сейілмеді.  

stan.kz