2019 жылы қазақстандық жүргізушілер жаңа құжат алуы тиіс — Автокөлік

0

Қазақстанда 2019 жылдың шілдесінде жүргізушілер үшін жаңа құжат — көлік құралының электронды паспортын рәсімдеу жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kolesa.kz басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, бұл құжат — техникалық паспорт немесе бүгінде ҚР ІІМ өкілдері көлік құралдарын тіркеу кезінде беретін куәлік емес. 

«Көлік құралының электронды паспортын көліктің туу туралы куәлігі деп айтуға болады. Онда барлық техникалық мәлімет енгізіледі — шыққан жылы, көлемі, қозғалтқыш көлемі, сондай-ақ, көлік иесі жайлы мәліметтер, техникалық тексерістен өту немесе өтпеуі, жол апатына түсті ме, жоқ па (түскен жағдайда жол апатының мерзімі, уақыты, көліктің қаншалықты бүлінгені) және қандай жөндеуден өткені жайлы барлық мәлімет қамтылады», — дейді басылымдағылар.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегілердің мәліметінше, көлік құралының электронды паспорты Еуразия экономикалық одағының бүкіл аумағында жарамды болады.

Сондай-ақ, бұл құжатты шамамен 4 500 теңгеге рәсімдеуге болатыны айтылады. Ал паспортқа қандай да бір өзгеріс енгізу үшін жүргізуші шамамен 3 300 теңге төлеуі тиіс болады.

Министрліктегілердің айтуынша, қазіргі уақытта сатып алушыларға да көлік жайлы мәлімет беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бірақ ол қызмет түрі ақылы болуы да мүмкін екен.