«18 күннен бері нәр татқан жоқ, өлуге дайын»: Қазақстан тарихындағы тұңғыш вице-адмирал аштық жариялады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан тарихындағы тұңғыш вице-адмирал аштық жариялады. Әскери теңіз күштеріне бірнеше жыл қолбасшы болған Жандарбек Жанұзақов өзіне қатысты сот үкіміне наразылығын осылай жеткізбек екен.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен 6 жылға сотталған. Бірақ, «Іс біржақты қаралды» деген вице-адмиралдың жақындары біздің арнаға арызын айтып келді.

Былтырғы қаңтарда басталған тергеу 9 айға созылды. Осыдан соң іс 6 ай жүріп, үкім 18 мамырда жарияланды. Жандарбек Жанұзақов қылмыстық кодекстің «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сот болатын күні, үкім шыққан күні ол аштық жариялады. Қазір Жандарбек Сәдуұлы тергеу изоляторында отыр. Ол үкім шыққаннан кейін келіспейтінін көрсету үшін сот залында аштық жариялаған болатын. Содан бері 18 күн өтті. Әлі нәр татқан жоқ. Бұл әділетсіздікпен келіспейтіні соншалық, өзінің адал атын ақтап алу үшін жанын қиюға дайын», — деді жұбайы Жанна Жанұзақова.

Дау Жанұзақов 2015-2016 жылы әскери кеме тұрақтайтын айлақты жалға алғаннан кейін туындап отыр. 2017 жылға дейін жауынгерлік кемелердің меншікті айлағы болмағандықтан әскерилер өзгелердікін пайдаланып келіпті. Тергеу органдары жалға алу үшін қанша ақша төлейтіні туралы ақпарат келісім-шартта көрсетілмеген деп отыр. 

«Каспий теңізінің кейбір айлақтарының басшылығында шетелдік азаматтар жұмыс істейді. Демек ақпараттың таралып кетуі мүмкін деген сөз. Сол себепті адмирал Жанұзақов жауынгерлік кемелердің жүріс-тұрысын айлақ басшыларымен келісіп отырмайтыны анық. Кемелер теңізді бір сағат, бір күн немесе бір апта жүзіп келуі мүмкін. Ал қайта оралған кезде оның орны бос тұруы тиіс», — деді запастағы бірінші рангтағы капитан Ермек Байғабылов.

Жалға алатын аймақ үшін мемлекеттік сатып алу байқауына тек бір ғана компанияның қатыстқаны да тергеуге себеп болып отыр. Жанұзақовтың өзі тендерге қатысушылар болмағандықтан Қорғаныс министрлігінен рұқсат алғанын алға тартты. Бұл ретте еуразиялық экономиялық одақтың бір көзден сүйенгенін айтқан. 

«Еуразиялық одақ бола ма, басқа одақ бола ма, кез келген халықаралық деңгейдегі шарттардың барлығының Қазақстан заңдарынан жоғары күші болады», — деді заңгер Абзал Құспан.

Сот үкіміне сәйкес, мемлекетке 42 млн теңге шығын әкелген Жанұзақов елбасының қолынан алған вице-адмирал атағынан да айырылды. Бас әскери прокуратура мен әскери сот өкілдері үкім заңды күшіне енбейінше қосымша ақпарат бере алмаймыз деді. Ал, Қазақстан мен Ресей әскерилері адмиралдың ісі әділетті қаралсын деп желіде үндеу таратып жатыр. 

stan.kz