Қайрат Жолдыбайұлы: Жемқорларға Құран ұстатқан да, уағыз тыңдатқан да көмектеспейді

0

Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы журналистің жемқорлықпен күресуге қатысты сұрағына жауап берді.

— Конституцияның қасына Құранды қойып, жемқорларға ант бергізсек, бұл көмектесе ме?

— Жоқ, көмектеспейді. Иман ол әркімнің жүрегіндегі нәрсе. Мүмкін, ол атеист шығар. Мүмкін ол Құдайға өтірік сенетін шығар. Мүмкін басқа сенімдегі адам шығар. Сондықтан қазір орысы бар, мұсылманы бар, басқа сенімдегісі бар, атеисі бар  — біздің оларға Құранды ұстатып қойғанымыз қалай болады екен. Сондықтан ол мәселені шешеді деп ойламаймын.

— Өзіне хақ сенбейтін адамға Құдай неге билік береді?

— Бұл саяси астарлы емес, теологиялық сұрақ. Жалпы Алла-тағала ешкімге ешнәрсені міндеттеп, мәжбүрлеп жасатпайды. Кім еңбек етеді, соған нәтижесін береді. Ол мұсылман ба? Ол кәпір ме? Мына дүниеде Алла-тағаланың қойған заңдылықтары бар. Физикалық заңдылық, астрономиялық заңдылық, географиялық заңдылық, геометриялық, математикалық — белгілі бір заңдылықтар бар.

Егін ексең шығады, қопарсаң одан да көп шығады деген сияқты белгілі бір заңдылықтарға байлап қойған. Сондықтан билікке келуі, кетпеуі былайынша айтқанда Алла тағала мәжбүрлеп істетеді, мынаны болдырмай қояды деген нәрсе емес. Өзінің бір табиғи ағысымен қойылған белгілі бір заңдылықтармен кетеді. Әрине, Алла тағала қаламаса, болмасын десе, ол нәрсе болмайды. Демек болуын қалағандықтан, оған рұқсат беріп отыр. Демек біз соған лайықпыз деп отыр.

— Құран ұстатқан көмектеспейді дедіңіз. Таңертең сегіз жарымда кабинетіне келгенде уағыз қосып қойса, ол да көмектеспейді ғой, иә?

— Әр нәрсе табиғи түрде ақылдарын қанағаттандырып, нұрландырып, ешкімді мәжбүрлемей жүзеге асуы керек. Мәжбүрлеп ешкімге ешнәрсе істете алмайсың.