Омар Жәлел: Бейсен әрбір қазақтың көз жасын сүрте білді. Қазақтың күйігі ішіне түсіп кетті ғой

0
1118
Сурет: karasayinfo.kz

Абайтанушы Омар Жәлел марқұм Бейсен Құранбектің көзі тірісінде қандай адам болғанын баяндады. Бұл туралы ол «Қасқа жол» арнасына берген сұхбатында айтты.

«Ол кісі қайтыс болғанда «Ер Бейсен» деп пост жаздым. Ол, шынында да, ер болып өтті өмірден. Ер деген — өз-өзін жеңген, нәпсісін тия білген, бүкіл өмірін ер ретінде халыққа арнаған, елі үшін жанын аямаған адам ғой. Абай әкесі туралы «Мал түгіл жанға мырза» еді дейді. Көрдіңіз бе? Біз малға мырзаны ғана мырза деп танимыз ғой. Одан да биік нәрсе бар екен. Ол жанға мырза. Яғни елі үшін жанын аямау. Бейсен, шынында да, мал түгіл, жанға мырза адам еді.

Ол бүкіл қазақтың күйігін көтерді. Сол күйігі ішіне түсіп кетті ғой. Ақыр соңы көтере алмай қалды. Жанын аяған жоқ. «Мен аман қалу үшін осы нәрселерге бармайын, аз-аздан тыңдайын. Денсаулығыма зиян келеді-ау» деп. Ол кәдімгідей шын ниетімен, шын пейілімен, әрбір жылаған қазақтың көз жасын сүрте білді. Бірақ түбінде сол қазақтың күйігі ішіне түсіп кетті ме деп ойлаймын. Ол жай өлген жоқ. Қазақша айтқанда жастығын ала өлді. Яғни ерлік өліммен өлді.

Біздің әңгімеміз өте көп еді», — дейді Жәлел Омар.  

Сондай-ақ, ол марқұм тележүргізушіге қатысты естелігін бөлісті.