Боранда көліктерге жүгіріп жүріп жол көрсеткен полицей желі қаһарманына айналды
Машиналар тізбегінің алдында жүгірген полиция қызметкері Қазнеттің жаңа қаһарманына айналды. Тәртіп сақшысы жүргізушілерге Қостанайға баратын жолды көрсетіп, оларды қар құрсауынан құтқаруға тырысты. Видео Қостанай облыстық полиция департаментінің Facebook парақшасында жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өңірде ауа райы күрт нашарлап, жолдардың көрінбеуі көптеген жүргізушілерді әбігерге салды. Осындай жағдайда көмекке келген полиция қызметкері көптің ықыласына бөленді.
«Көліктер тізбегінің алдында жүгіріп, қалаға баратын жолды көрсеткен полиция қызметкеріне үлкен рахмет. Өте қорқынышты боран болып жатыр. Жол көрінбейді», — дейді видео авторы.
Көпшілікке қол ұшын берген патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция лейтенанты Амантай Байжанов болып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Түркістан облысыың Ордабасы ауданында полицейлер адасып қалған 3 жасар бүлдіршінді тауып алды. Кішкентай қыз аудан орталығы Темірлан ауылындағы саябақтардың бірінен табылды.
Тәртіп сақшылары Тимур Манабаев пен Еламан Спабеков оны полиция бөліміне жеткізіп, ата-анасын іздеуге кіріскен. Олар қыздан қайда тұратынын сұрауға тырысқанымен нақты жауап ала алмайды. Содан соң полиция жаяу жүргіншілер мен дүкен иелерінің және жол бойындағы тамақтандыру орындарын тексеріп шығып, жақын маңдағы полиция пунктеріне хабар берген.
«Жарты сағаттан кейін полиция қызметкерлеріне жоғалған қыздың атасы келген. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Атасы немерелерімен бірге «Арбат» саябағында серуендеп жүріп, баладан көз жазып қалғанын айтқан. Учаскелік инспекторлар табылған 3 жасар қызды аман-есен атасына қайтарды. Қария жоғалған немересін жедел тауып алған тәртіп сақшыларына үлкен алғысын білдірді», — делінген хабарламада.