Атырау стадионында төреші футболшыны ұрды (видео)

0

Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында жергілікті команда қарағандылық «Шахтермен» кездесті. Ойын кезінде төреші мен футболшы ерегісіп қалған. Осы сәттің видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Телеграмм арнасында жарияланған видеода жасыл жейде киген «Атырау» футболшыларының өз бөлмесіне кіріп бара жатқанын көруге болады. Жас футболшы Сәбит Тастанбеков артына қарап келе жатады.

Осы кезде төреші Арман Есмұратов иығымын қатты итеріп жібереді. Футболшы құлап қала жаздайды. Бірақ тез тұрып, Есмұратовқа қарай ұмтылады. Бірақ оны басқа төреші ұстап қалады.

Инсайдер Айдын Қожахмет осы жағдайға түсініктеме беріп өтті. Оның сөзіне қарағанда, бастапқыда Атырауда төрешіні ұрды деген ақпарат шыққан. Алайда видеода керісінше төрешінің текетіресті өзі бастағаны анық көрініп тұр.

 

Қазақстанның футол федерациясы тексерісті бастады. Оны судьялар комитетінде қарайды.

«Қазіргі кезде барлық материал жиналды. Соның бәрі судьялар комитетіне жіберіледі. Жақын арада шешім қабылданады», — дейді федерацияның төрешілік пен тексеріс департаментінің басшысы Сергей Кенетаев.

Айта кетейік, 13 наурызда өткен матчта «Шахтер» командасы «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.