Ұлытау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде 6 мектеп салынады

0

Ұлытау облысында 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бір ауысымда  3600 оқушы орнын қамтитын 6 мектеп салынады деп жоспарлануда. Оның үшеуі қалалық жерде, үшеуі ауылдық елді мекендерде салынатын болады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлытау облысы білім басқармасының хабарлауынша, жалпы есеппен 6 мектептің құрылысына республикалық  бюджеттен 25,6 миллиард теңге қарастырылады.

2023 жылы Жезқазған қаласының Қабанбай батыр шағын ауданында 300 орындық мектеп құрылысы басталып, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде қолданысқа берілетін болады.   Мердігер ретінде  «Nur Astana Kurylys» компаниясы анықталды.

2024 жылы 5 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Жезқазған қаласының  «Батыс» шағын ауданында  1200 орындық мектеп құрылысы, Сәтбаев қаласының  8 — шағын ауданында  900 орындық мектеп құрылысы,  Жаңаарқа кентіндегі  «Жаңа Нұр» шағын ауданында  600 орындық мектеп құрылысы,  Жаңаарқа ауданының  Түгіскен ауылында  300 орындық мектеп құрылысы, Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында 300 орындық мектеп құрылысы жоспарланып отыр.

Барлық мектептер бойынша тиісті жер телімдері анықталған.

Ұлттық жоба шеңберінде жоспарланып отырған мектептер білім алушыларға жайлы, қауіпсіз болатындай бірыңғай стандартпен салынады. Сонымен қатар, бұл мектептердің оқу-тәрбие үрдісіне қажетті жабдықтары, пәндік кабинеттері, техникалық құрылғылары мен жиһаздары да  толығымен белгіленген қаражат арқылы жабдықталады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде ашылатын мектептерге директорларды бекітуге де ерекше талап қойылады. Директорлыққа үміткерлер «Білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау тәртібіне» сәйкес таңдалады. Қазіргі уақытта тәртіпке сәйкес іріктеу турлары жүргізілуде.

Ұлттық жобаны іске асырушы бірыңғай оператор болып Samruk-Kazyna Construction компаниясы белгіленген.