Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы
Тәрбие — адамзат өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Адамның тәрбиесі оның кейінгі өмірінің айнасы. Адамзат — алып діңгекті бәйтерек болса, тәрбие -оның түп — тамыры. Сол себепті, тәрбиенің маңызы мен рөлі айрықша.
Менің ойымша, ұлтымыздың тәрбиелі болуы — мәңгілік ел болуымызға бастар дара жол. Ұлтымыздың тәрбиесі қандай болса, болашағымыз да сондай болмақ.
Бірінші кезекте, ұлтымыздың болашағы жарқын болуы үшін жастардың тәрбиесіне аса мән беру қажет. Себебі, ұлтымыздың болашағы осы жастардың қолында. Жастардың тәрбиесін дұрыс арнаға бұру, тура жолды көрсету — алдыңғы қатардың борышы. Егер жастарымыз дұрыс тәрбие алса, білімді де отансүйгіш болмақ. « Ел болам десең, бесігіңді түзе », — деп М. Әуезов айтпақшы, мәңгілік ел болғымыз келсе, жастардың сыртқы және рухани тәрбиесін сапалы етуіміз қажет. Жастардың тәрбиесі қазіргі таңда үлкен мән берілуі тиіс мәселе болып отыр. Сондықтан да, алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүретіндігін естен шығармай, үлкендеріміз жастарымызға үлгі боларлықтай іс — әрекет жасауы керек.
Екіншіден, тәрбие отбасынан басталатыны белгілі. «Балапан ұяда не көрсе ,ұшқанда соны іледі» демекші, отбасында дұрыс берілген тәрбие — ұлт тәрбиесінің көрсеткіші болмақ. «Ұлт тәрбиесі» деп отырғанымыз — қыздарымыз бен ұлдарымыздың тәрбиесі. Сол үшін, әрбір ата – ана өз балаларының тәрбиесіне бей – жай қарамауы тиіс. Жастардың өмірінде ұстаз да ерекше тәрбиеші болып саналады. Отбасында және мектепте берілген тәрбие, келешекте жастарымыздың саналы да, тәрбиелі, өз елін сүйетін азамат болып қалыптасуына негіз болады. Ұлттық құндылықтарымыз жоғалып кетпес үшін, салт – дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, халық ауыз әдебиетімізді жастардың бойына сіңіріп, рухани азық етуіміз қажет. Олай етпесек, ұлтымыздың болашағы бұлыңғыр болмақ. Әрбір отбасыдан ұлтшыл, патриот азаматтар тәрбиелеп шығару – ұлт болашағына қосар орасан зор үлесіміз.
Қорытындылай келе, тәрбиенің адамзат өмірінде, әсіресе оның келешегі үшін аса зор маңызын байқадық. Ұлт тәрбиесі тікелей ұлтымыздың болашағына әсер ететіндігі айдан анық нәрсе. Әсіресе жастардың тәрбиесі ұлт тәрбиесінің негізгі көрсеткіші екендігін айта келе, «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» демекші, тәрбиелі ұл- қыздарымыз көп болғай!
Жандос Аяла