Tengri Bank-тен 5,4 млрд теңге қаржы ұрланды

0

Tengri Bank-тен 5,4 млрд теңге қаржы ұрланды. Экс-менеджерлері осы іс бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Қаржы комитеті Экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») Tengri Bank АҚ экс-менеджерлеріне қатысты банктің 5,4 миллиард теңгеден асатын қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде.

«9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.А.Ілиясовқа, А.У. Жадықовқа, Н. М. Жылқыбаеваға қатысты 2 айға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын таңдады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», — делінген хабарламада.

Еске салайық, мұның алдында Tengri Bank-тің бұрынғы менеджерлері ұсталғаны хабарланған болатын.