Сарапшы Қазақстандағы көлік өндірісінің 10 түрлі былығын айтып берді
Қазақстан көлік нарығындағы артық төлем, т.б мәселелер жайлы жиі айтып жүрген Нұриддин Садықов көлік өндірісі саласындағы мәселелрді тізбектеп айтып берді.
«Өткен апта өз жұмыстарыммен қарбалас болып, сүйікті тақырыптарымның бірі – автокөлік, утильсбор тақырыптарында бірдеңе жазуға қол тимеді. Оның үстіне өткен аптада «QAZAQSTAN» телеарнасының «Ашық алаң» ток-шоуында тікелей эфирде осы салаға жауапты мекемелер өкілдерінің біразын сауалдың астына алғым келген. Бағдарламадан шақыру болған соң, бүкіл жұмысымды ысырып тастап, арнайы ұшып бардым да. Алайда, жауапты мекемелер (Индустрия және инновация министрлігі, Экология министрлігі және «Оператор РОП» ЖШС) өкілдері бағдарламаға келуден бас тартқандықтан, бағдарлама болмай қалды. Сөйтіп, босқа барып қайттық.
Жарайды, әңгіме менің бұл тақырыпты көпшілік алдында көтеру үшін достарым айтпақшы, бүкіл жұмысымды тастап, шығынданып, әрі-бері сандалып жүрген «ақымақтығымда» емес. Елге, жұртқа пайдасы тиетін мәселеге келгенде аянып қалмасымыз анық. Мен одан да сіздерге ешқандай шығынсыз, тәуекелсіз (рисксіз), кемінде 500 пайыз маржасы бар «бизнес» немесе қазір модадағы «өндіріс» туралы айтып берейін…
Біздің еліміздегі ол «бизнес» — «автокөлік өндірісі» деп аталады. Иә, дұрыс оқып отырсыз, «өндіріс». Бірақ, бұл – сіз ойлап, көз алдыңызға елестетіп отырған конвейерінен минут сайын заманауи көліктер топырлап шығып жатқан үлкен алып зауыттар емес, өзгеше «өндіріс». Ол үшін не істеу керек?
- Ең әуелі, «Мен Қазақстанды теңдессіз автогигант мемлекетке айналдырамын! Алпауыт зауыттар салатыным сондай, Германия мен Жапониялық зауыттар қолға су құюға жарамайтын болады, ал кәрістер тіпті есіктен сығалай алмай қалады. Ол көліктердің жарты бөлігін құрайтын қосалқы бөлшетердің бәрін өзімізде жасаймыз, қыруар жұмыс орнын ашып, елдің бәрін жүмыспен қамтып қарық қыламын!» деп жар саласың. Сосын, сол өтірігіңе өзің сенгеніңмен қоймай, сол елдің тұтас өкіметін сендіріп жібересің. Өкімет сенген соң, оның астауынан жем жеп отырған бүкіл БАҚ сүйінші сұрап, алаулатып-жалаулатып әкетеді.
- Әлгі «сенің қолыңа су құюға жарамай жүрген» шетелдік компаниялардың бір-екеуінің құлағынан «Сенің өніміңді Орта Азияда, Еуразиялық Одақта өкіртіп сатам, пайданың астында қаласың!» деп құлағынан оңдырмай тебесің. Сөйтіп, оның өнімдерін жеңілдікпен алуға келісесің.
- Ең басты «алданушы объектіні» сендірген соң, оны қалайда сенің шетелдік компаниядан 95 пайыз бүтіндей әкелген тауарыңды салықтан, кедендік рәсімдеуден, ҚҚС (НДС) төлеуден босатуға көндіресің. Тіпті, «ырым үшін» төлеген утилизациялық алымыңды сенің «өндірісіңе» қайтарымсыз субсидия ретінде қайтарып беруге келістіресің.
- «Теңдессіз зауыт» салуға ҚАЛАҒАН ЖЕРІҢНЕН табиғи грант (натурные гранты) түрінде ҚАЛАҒАН КӨЛЕМДЕ, ТЕГІН жер телімін аласың.
- Cосын, «бөлшек күйінде» келетін автокөліктердің әрбір маркасының, әрбір моделінің сызбанұсқасын орташа 150 миллион теңгеден сатып алуға әлгі «салпаңқұлақтан» қайтарымсыз ақша аласың (себебі, сен әлемдік 22 марканың 167 моделін құрастырып жатсың ғой, бәрін есте сақтау мүмкін емес, түсінеміз).
- Одан кейін, әлгі тегін алған атшаптырым жерге бір СТО көлеміндегі шағын ангар тұрғызасың да, шетелден бүтіндей келген көліктердің төрт дөңгелегін салып, MADE IN KAZAKHSTAN деген наклейка жапсырып, ұра бересің.
- Сосын, әлгі шетелдік компаниялардың бір маркасының бір моделінің 30-40 данасын «құрастырасың» да, «жігіттер, че-то болмай жатыр, ренжімеңдерш» дейсің да, ол модельдің «өндірісін» тоқтатып, кезекті «лох» шетелдің компанияны көндіруге кірісесің (Себебі, ол жаңа объем, жаңа субсидиялар ғой).
- Айтпақшы, арасында көз үшін кейбір маркалардың өмірін қолдан ұзартуға тура келеді. Ондай жағдайда, әлгі «сенгіш өкіметті» тағы да жағалайсың. Сөйтіп, оны Өндірісті дамыту қорынан ӨДҚ (Фонд развития промышленности) сенің «өнімдеріңе» ғана жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама арқылы 4% — дық жеңілдікпен несие беруге көндіресің.
- Өлместің күнін көріп, өздігінен шет елден көлік әкеліп, бала-шағасын баққысы келіп жатқан жарлы-жақыбай мен майда-шүйде кәсіпкерлердің жолын кесу үшін, түрлі алым-салық пен шектеудің 77 атасын ойлап тауып, әлгі «отандық өнімді» қолдаудың «фанатына» ұсынып, соның көмегімен елде сенің өнімдеріңе дефицит тудырасың. Соның арқасында, қағаз жүзінде «отандық», іс жүзінде шетелдік өніміңді қалағаныңша қымбатқа сатып, төбеге шырт-шырт түкіріп жатасың.
- Тіпті бұл пайда аздау болып жатса, жаңадан яхта, Монако мен Швейцариядан, Лондон мен Манхеттеннен вилла мен апартамент тіпті бір мұхиттан арал сатып алғың келіп жатса, ноу проблем. Әлгі «сенгіш крышаңа» тағы барасың. Сөйтесің де, оны әлгі ӨДҚ арқылы сенің керемет «өндірістік» бизнесіңе 0,1% — бен миллиардтаған теңге су тегін несие беруге көндіресің. Сөйтіп, тағы бірлі-жарым ангар мен СТО саласың да, Қытай ма, Африка ма, бір жақтан тағы бір екі «лох» шетелдік компания тартып, теңдессіз көлік «шығара» бастайсың. Оған ода жазу үшін біршама блогерсымақ пен сайттарға сүйек лақтыра саласың, вуаля! Әлгі «өте жоғары» пайызбен алған несиеңді қайтарғың келмей бара жатса, «сенгіш, көңілшек крышаңа» айтсаң болды, қайтармай-ақ қойсаң да болады. Себебі, сен «ОТАНДЫҚ АВТО ӨНДІРІП ЖАТСЫҢ» ҒОЙ!
Мінекей, достар, мен сіздерге ешқандай шығынсыз қалай бизнес жасауға болатынын көрсеттім. Сарказм стилінде жазылғанымен, біздің «отандық автоөндірушілер» осындай жеңілдіктерге ие болып, бізге «өзімізде құрастырылған» көліктерді өзгелерге қарағанда қымбатқа сатып отыр. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Бізге осындай «авто өндіріс» керек пе?» деп жазды Н. Садықов.