Нұртілеу Венада не істеп жүр

0

Австрия астанасы Венаға жұмыс сапары аясында ҚР  премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу аккредиттелген халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп жазады Kznews.kz.

Синтетикалық есірткіге жол жоқ!

БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің Бас директоры – БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) атқарушы директоры Гада Валимен кездесу барысында министр оған Қазақстанмен көп жылғы жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Қос тарап есірткіге, қылмысқа, терроризмге және киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы БҰҰ ЕҚБ өңірлік жобаларын талқылады. Қазақстанда синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі жаңа жобаны іске қосу аясында тараптар 2025 жылы Астанада БҰҰ Өңірлік конференциясын өткізуге келісті.

БҰҰ ЕҚБ Бас директоры Қазақстанның өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті және Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына (ОАӨАҮО) өзінің қолдауын растады. Г.Вали Ауғанстанның гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша Астананың сындарлы ұстанымын қолдады. Осыған байланысты дипломаттар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму жөніндегі БҰҰ хабын құру бойынша диалогты жалғастыруға келісті.

Ядросыз бейбіт өмір

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Роберт Флойдпен кездесуде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ағымдағы ахуал туралы пікір алмасу өтті.

М.Нұртілеу Қазақстанның ЯСЖТШҰ-ға берік ұстанымын сақтауға ниетті екенін жеткізді. Ол сондай-ақ бұл келісім жаһандық қарусыздану және таратпау режимінің негізгі элементі, ядролық қатерсіз бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал ететін тиімді механизм болатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат әріптесін ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстанда жоспарланған ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ядролық қаруға тыйым салуды әмбебаптандыру жөніндегі іс-шараларға қатысуға шақырды.

Тараптар осы саладағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті. ЯСЖТШҰ басшысы Астана бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін жыл сайын ілгерілетуге белсенді қатысады.