Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың ақындық әлемі

0

Ақын – өмір шындығын, өз жанының мұң қуанышымен ұштастыра отырып жырлайтын тіл шебері. Нағыз ақын Абай секілді болуы тиіс. Абай – күллі әлем мойындаған ақын. Абайдың ақындық әлемі – Гималайдың шыңы іспетті десек те артық емес.

Менің ойымша, Абайдың ақындық әлемі тікелей ақынның ішкі толғанысымен байланысты. Абайдың ақындық әлемі – халқының мұң-зарымен, махаббат бейнетімен, әділетсіз билікпен байланысты.

Біріншіден, Абай – халық жанашыры, халқының басына түскен сынақпен күресіп, қашан да Дәркембай сынды жатақтарға жақ болып, дау-дамайын шешіп өмірінің көп бөлігін өткерген. Таусылмас даудан мезі болған ақын, ішіне сыймағанын өлең-сөз арқылы жеткізеді. Көбіне ақын жұртының надан, қараңғы болуына іші ашиды. Елінің басына түскен қиыншылықтың бәрі білімсіздіктен деп біледі. Сол үшін де ақынның халқын өнер-білімге шақырған. Мәселен, «Пайда ойлама, ар ойла», «Талап қыл артық білуге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба» сынды ақын шығармалары ғылым-білімге баулиды. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл қойсаңыз»– деген ақын сөзі жұртына насихат, өсиет. Дегенімен, ақын қанша жерден елін білімге, сауатты болуға шақырса да, іліп аларлық құлақ, ғибрат аларлық жанның болмағанына қынжылады.

Екіншіден, Абай ақын махаббат жайында да біртуар туындылар жазған. Ақын қаламымен көптеген өлеңдер махаббат тақырыбында жарық көрген.

Ақынның ең алғаш өлеңдері Тоғжанға арнап жазған махаббат лирикалары еді. Тоғжанды Абайдың музасы деуге де болады. Махаббат жайында көптеген өлеңдері Тоғжанға арнап жазылған.

Ақын жүрегі өртеген қайғылы махаббат, қол жеткізбеген ғашық жан өте керемет туындылардың дүниеге келуіне септігін тигізді. Мысалы, «Татьянаның хаты», «Білектей арқасына өрген бұрым», «Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол», «Есіңде бар ма жас күнің», «Көзімнің қарасы», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жарқ етпес көңілім не қылса да», т.б өлеңдері, әндері махаббат назын толғап, жүрек сезімдерін тербетеді.

Үшіншіден, ақынның әлемінде үлкен бір көлемді қамтитын тақырып – әділетсіз билік, дүниеқұмар болыстар мен билер. Ақындық әлемнің назы мен шері, мұң-қайғысы осы байлар мен пасық ойлы адамдарға арналады. Абай өз заманының пайдакүнем адамдарын қатты сынға алған. Ел ішінде жүрген, көкейді тескен шындықты тура айтқандығы үшін басына талай бәле келсе де, туысы жатқа айналса да, тура жолдан таймады. Нағыз ақын шыншыл болуы тиіс. Ел жұрты оны сол үшін құрметтеген. Абайдың мұндай өлеңдер қатарына: «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Біреуден біреу артылса», «Болыс болды мінекей», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Мәз болады болысың» атты өлеңдері теңіз түбіндегі маржандай тізіліп жатыр. Осы өлең-сөз маржандарын ұлы ақын өз қаруы ретінде пайдаланған. Басқалай жеңе алмасын түсінген ақын, бар назын жалғыз қаруы арқылы жеткізген. Ғұмырының соңына дейін осы қаруменен шайқасып өткереді.

Қорытындылай келе, әрбір ақынның өзіндік әлемі болады. Абай ақынның әлемі — күллі қазаққа ортақ әлем. Абай сынды алып, биік ақындарымыздың шығармашылығымен сусындау – мына бізге парыз!