Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот тергеуі аяқталды

0

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтті. Cудья сот тергеуін аяқтау туралы қаулыны шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін оны алты ай өз еркінен тыс үйқамақта ұстағанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр.

Осыған дейін 17 сот отырысы өткен.

19 тамызда өткен сот отырысына жәбірленуші Абай Жүнісов денсаулық жағдайына байланысты келген жоқ. Сондай-ақ айыпталушының қорғаушылары келе алмады. Алайда айыпталушылар дәлелдердің жеткіліксіздігін алға тартып, сот тергеуін жалғастыруды сұрады. Алайда жәбірленуші тарап жарыссөзді бастауды талап етті.

“Судья дәлелдерді сараптай отырып, өз түйсігіне сүйене отыра, оларды жеткілікті деп таныды. Қосымша дәлелді керек етпейді. Соған сай сот сот тергеуін аяқтайды. Енді жарыссөз басталады”, – деді судья.

Жарыссөз 22 тамыз сағат 10:00-де басталады.

Бұған дейінгі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта оның элиталық мүліктері туралы айтылды. Сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген психологиялық жарақат туралы айтылған еді.