Ауған қазағының тегін қалай анықтаймыз?

0
637

Еліміздің Ауғанстандағы елшілігінің алдында өздерін «ауған қазақтарымыз» деп таныстырған ондаған адам жиналып, Қазақстанға келгісі келетінін айтып жатыр. Алайда елшілікке келген адамдардың бәрі бірдей қазақ па? Олардың арасында «қазақпын» деп айтып, өзге ұлт өкілдерінің шекарадан өтіп кетуі мүмкін бе? Жалпы Ауғанстанда қанша қазақ тұрады?

Осы және өзге де сұрақтарды kznewes сайты тілшісі шығыстанушы, журналист Қуанышбек Қариға қойған болатын. Оның айтуынша, Ауғанстандағы өзін «қазақпын» деген адамдардың Қазақстанға келуге бұрыннан ынтасы болған. Алайда ол тәліптердің (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билікке келуі қазақтарды да, «қазақпыз» деген басқа да адамдарды Ауғанстаннан кетуге мәжбүрлеп отырғанын ескертті.

«Негізі ауған қазағы зерттелмеген тақырып. Сондықтан олардың нақты санын тап басып айту да қиын. Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің қолындағы дерек анық көрсеткіш емес. Бұған қоса консулдыққа қарайлаған кейбір адамдардың ұлтына орай күмән туындап жатыр. Зерттелмеген дейтініміз, қазақтардың бұл елге қоныстануы большевиктер революциясынан кейінгі оқиғалармен шектелмейді. Қазақтар Ауғанстанға тарихтың әртүрлі кезеңінде қоныстанған. Мәселен, он тоғызыншы ғасыр басында Ауғанстанға сапарлаған Британияның тұңғыш елшісі Маунстюарт Эльфинстонның жазбаларында осы елдегі қазақтар туралы мәліметтер кездеседі. Эльфинстон қазақтардың жылқы етін жейтіні, қымыз ішетіні, 25 киіз үйді бір «ауыл» деп атайтыны туралы жазады. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында да Ауғанстан туралы хроника бар. Мәшһүрдің жазғаны бойынша ауған жерін қазақтар Жиделі Байсын атаған. Тіпті Мәшһүр Жүсіп «тұрғындарының көбі – қазақтар, оның ішінде қоңыраттар көп» деп жазады Бізде ертегіге айналған Аяз би де ауған жерінде өмір сүрген Аяз ибн Оймақ деген саяси қайраткер. Ауғанстанды жақсы білмейтініміз, ауғанистиканы зерттемеуіміз де көп жайға кедергі болып жатыр», – дейді шығыстанушы.

Қазіргі таңда елшілік Ауғанстандағы қандастардың қазақ тілін білуі мен руына назар аударатынын айтып жатыр. Алайда олар тұрмақ еліміздегі көптеген қазақтардың өз ана тілін дұрыс білмейді. Осындай жағдайда Ауғанстандағы қазақтан ана тілін білу жайында сұрау қаншалықты дұрыс?

«Ауғанстандағы қазақтардың ұрпақтары «Қазақстанға қайтамын» деп жатса, оларға кедергі болмауы керек. Тек ДНК-сын анықтайық деп ұрандатпасақ екен! Олардың қазақ екенін анықтау үшін сондағы дипломатиялық өкілдікте комиссия құрылса керек. Сол адамдардың қазақ тілін білетін-білмейтіні туралы немесе руын, жеті атасын білетін-білмейтіні туралы сұрақтар арқылы ғана этникалық сипаттамасын анықтау қиынға келетін шығар. Олардың Қазақстандағы туыстары тізім жасап берсін деген талап та бар екен. Мұндай жағдайда Қазақстанда туыстары жоқ азаматтар қайтпек? Менің ойымша, өзін қазақ сезініп, өтініш білдірген адамдарға қиындық тудырмай, келуіне жағдай жасаған жөн. Бұған дейін келгендер арасында да өзін қазақ сезінгендер болған. Солардың алды біздің қоғамға сіңісіп те кетті. Оларға бейбітшілік болса, жетіп жатыр, өз арбасын өзі сүйретіп кете береді. «Тіл білмейді екен», «жеті атасын білмейді екен», деген талап дұрыс емес», – дейді шығыстанушы.

Еске сала кетейік, «Талибан» қозғалысы Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан билігі «Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200 тарта этникалық қазақ бар» деген. Жұрт арасында «қазақпын» деп ауған азаматы Қазақстанға келіп ала ма деген күдік бар.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ