Домой Жаңалықтар Әскерге сап-сау кетіп, есінен адасқан күйде оралыпты

Әскерге сап-сау кетіп, есінен адасқан күйде оралыпты

0
521

Әскери борышын өтеуге сап-сау кеткен Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны 19 жастағы Ринат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйде оралыпты, деп хабарлайды kznews.kz сайты informburo.kz сілтеме жасап.

Қазір тіпті ата-анасын танымайтындай хәлге түскен жігіт кейде өзінің не айтып отырғанын да білмей қалады. Ал Ринаттың ата-анасы балалары әскери шенділердің қорлығынан кейін өте ауыр жағдайға түскенін айтады.

Сөздерінше, сол жақтағы қызметкерлер сарбазды казармада аяусыз ұрып-соғып, әбден қинап, басына зақым келтірген.

Үш күн бұрын ғана әскери борышын өтеп келген Ринат Жеткергенов үйіне осындай хәлде оралыпты. Содан бері жақындарына маза бермей, өзімен-өзі мүліктерді қиратып, үйдің астан-кестеңін шығарады екен. Тіпті ұлын тынышталдырмақ болған әкесіне де бірнеше рет қол көтеріпті. Жігіт жақындарын танымайды да. Онымен қоймай әр нәрсені сандырақтап, сөйлей береді дейді туыстары.

Ринат Жеткергенов отан алдындағы борышын өтеген Ақтау қаласындағы 25/744 теңіз әскери флотындағылар балаларыңыз сәл ауырыңқырап тұр, күтіп алыңыздар деп ескерткен дейді жігіттің туыстары. Бірақ әскерден енді оралған баланың түрін көргенде үстеріне жай түскендей болғандарын айтады. Сөздерінше пойыздан түскенде Ринаттың үстіндегі киімі жыртық, ал аяғында жаздық аяқ киім болған. Баламыз отан алдындағы борышын өтеп емес, бір жыл бойы құдды бір құлдықта жүріп, қорлық көргендей дейді. Есі кіресілі-шығасылы сарбаз үйіндегілерге әскерде жүріп өзінің қатты қысым көргенін айтқан. Қайтар алдында сегіз күн бұрын төрт әскери қызметкер өзін жабылып ұрып, тіпті құлағын тесіп келеке қылғандарын да жасырмады дейді Ринаттың ағасы.

БАХТИЯР НАҒАШЫБАЕВ, Ринаттың ағасы:
– Құлағын тескен, құлағында жарақаты тұр. Мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын деп издевательства жасаған. Өте қатты қиянат көрсеткен. Жылап тұрып шындығын айтты. Екі күн болды баламен арпалысып жатқанымызға. Ұйықтамайды, сандырақтап сөйлей береді.