Алматы облысындағы қазақ-ұйғыр дауына Ассамблея не істеді?

0

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы Алматы облысының Пенжім ауылында болған жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды KZNEWS. 

Ассамблеяның ресми өкілі Майя Бекбаева ауыл тұрғындары арасында, этносаралық негізде қандай да бір жанжалдың, әсіресе қақтығыстардың жоқ екенін және оған жол берілмейтінін ерекше атап өтті.

«Жергілікті тұрғындар — қазақтар да, ұйғырлар да көп жылдар бойы бірге тұрып келеді, бір бірінің достары мен көршілері. Оның барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды.

Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Қоғамдық орынбасары Зәкіржан Күзиев, ҚХА хатшылығы және облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы М.Батырбеков және «Қоғамдық келісім» КММ директоры қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде.

Олармен бірге ақсақалдар, жигит-беши, азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Пенжім ауылындағы жағдай тұрақты» деді Майя Бекбаев таратқан ресми ақпаратында.

Ал Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы жарақат алған балаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

«Панфилов ауданының Пенжім ауылында 27 қазанда орын алған оқиға бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде белгілі бір резонанс тудырды.

Өкінішке орай, жергілікті мектептің 9-10 сынып оқушылары арасындағы төбелестен ұлдардың бірі — Нұрбол Әділхан ауруханаға түсті.

Біз, «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының» басшылары жасөспірімнің ата-анасына шын жүректен көңіл айтамыз және оны емдеу мен оңалтуға қажетті кез келген көмекті көрсетеміз.

Екінші жағынан, біз, орын алған бұл оқиғаны, әлеуметтік желілерде этносаралық жанжал ретінде көрсетуге тырысудан бас тартамыз.

Ия, 28 қазанға қараған түні ауылдың кейбір тұрғындары үйлер мен көліктердің терезелеріне тас лақтырып, ұсақ бұзақылыққа жол берді.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде аталмыш этносаралық қақтығыстар туралы тарап жатқан қауесеттердің ешқандай негізі жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз.

Алматы облысы басшылығының, құқық қорғау органдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің жедел іс-қимылдарының нәтижесінде ауылда қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бейбітшілігі мен тыныштығы қамтамасыз етілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Қоғамдық орынбасары З.Кузиев, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының өкілдері Пенжім ауылында және жигит-бешимен бірге билік пен полицияға осы оқиғаны шешуге көмектесуде.

Біз төбелеске және арандатушылыққа қатысы бар адамдардың барлығы заңға сәйкес жазаланатынына сенімдіміз.

Біз азаматтарды сабырлық сақтауға, ресми ақпаратқа сенуге және әртүрлі жалған хабарламаларға, әлеуметтік желілердегі қызуқандылыққа бой алдырмауға шақырамыз!

Панфилов ауданының қазақтары мен ұйғырлары жақсы қарым-қатынастарды, көпжылдық достықты, бауырластық байланыстарды бағалайды және «зиянды арандатушылар» осы оқиғаны пайдаланып, арадағы достыққа сызат түсіруге жол бермейді» деп жазылған ұйым таратқан хабарламада.

Айта кетейік, біз бұған дейін Алматы облысының Панфилов ауданы Пенжім ауылында жаппай төбелес болып, бір жасөспірім ауруханаға түскенін хабарлаған едік.

Бір топ адам үй мен көліктердің терезесін сындырды.