Адамына қарай заманы, жоқ әлде заманына қарай адамы ма?
Бұл тақырып бойынша қоғам көзқарасы екіге бөлінеді. Бұл тақырып әрқашан өзекті. Заман мен адам бір-біріне тәуелді болғандықтан, екі көзқарас та- шындық. Себебі, екеуі де қоғамда кездесетін жайттармен дәлелденеді. Сонымен заманына қарай адамы ма, әлде адамына қарай заманы ма? Қай тұжырым дұрыс? Неліктен? Өз пікірімді талдап өтейін.
Біріншіден, «заманына қарай адамы» деген пікірмен келіспеймін. Неге? Себебі, бұл өз құндылығын білмейтін адамның сөзі секілді. Заман өзгерді екен деп, адамда түбегейлі өзгеруге тиіс емес. Иә, заманауи болу керек. Заман ағымына ілесе білу керек. Заман ағымына білім алу,тұлғалық даму,технология жағынан дамуды алғанымыз дұрыс болар. Бірақ, бұл тұжырымның мағынасы адамның рухани құндылықтарына келіп тіреледі. Менің ойымша, адамның рухани құндылықтары заманға емес, адамның өзіне тәуелді. Әрбір саналы адам өзінің қандай болатынын шешеді. Мейірімді бола ма, әлде қатігез бола ма ол өзінің шешімі және рухани жан дүниесіне тәуелді. Рухани құндылықтарды заманға сай етуге болмайды. Қазіргі заманда шыншыл, әділ адамдар азайды екен деп, барлық адам суайт, өтірікші болып кетпейді ғой. Ұры болсын, діндар адам болсын сондай тұлға болуды ол өзі шешті. Оны заманға тәуелдейтіндер өз ойы жоқ адамдар. «Заманың түлкі болса,тазы боп шал» деген тұжырымды ұстанатындар. Алайда, сол заманды жасаушылар, яғни құрастырушылар өздері екенін білмейді.
Дегенмен, заман дамыған сайын технологиялар да дамуда. Дамыған технологиялар адам санасын улап жатқандығын жоққа шығаруға болмайды.
«TikTok», «instagram», «YouTube» сынды әлеуметтік желілердің ығында талай жастарымыз «мәңгүрттеніп» барады. Олар өздерін заманға ілесіп жатырмыз, заманауимыз деп ойлайды. Алайда өздерінің сол әлеуметтік желілерге тәуелденіп бара жатқандығын байқамайды. Содан соң, саналы адамға жат іс-әрекеттерге барады. Ой санасы (психологиялық хал-ақуалы) бұзылады. Заманға еліктеу бұл батыс елдеріне еліктеуден туған нәрсе. Заман өзгерді екен деп, өзінің адамгершілік-рухани құндылықтарын жоғалтып алу — бұл меніңше қате.
Екіншіден, адамына қарай заманы деген пікірмен келісемін. Себебі, адам- жаратылыстардың ішіндегі ең ардақтысы. Ол заманға, өзгерістерге тәуелді болмауы тиіс. Керісінше өзгерістерді саралап, керегін алып, қажет емесін санасынан өшіріп отыруы тиіс. Олай болмаса, заманымыздағы барлық ақпаратты саралап санамыздың сүзгісінен өткізіп отырмасақ, санамыз әбден уланар еді. Сондықтан да, адамдардың барлығы рухани құндылықтарын бағалап, жоғары қойса, заманымызда ұрлық-қарылық, қатігездік болмас еді. Бірақ барлық адам ондай емес. Соның салдарынан заманға еріп кетушілер өте көп. «Адамына қарай заманы» деген көзқарастағы адамдар өз ой-санасы қалыптасқан, саналы, қоғамға тәуелсіз, дара тұлғалар. Адамдық-адамгершілк құндылықтар заманға емес, адамға яғни тек өзімізге бағынады. Адамды дамытатын технология емес, өз құндылықтары. Сауаттылық, жоғары ойлау қабілетін ешбір технология алмастыра алмайды. Қазіргі кезде сол үшін заманды кінәлап, ренжудің қажеті жоқ. Бәрі өзіміздің қолымызда екенін түсінуіміз керек. Ахмет Иүгінекидің айтуы бойынша, «заман емес- адам ренжітеді»-дейді. Бұл сөзден заманның адамға тәуелді екенін аңғарамыз.
«Заманға таң қалма-адамға таң қал» деген Әбіш Кекімбаевтың да сөзі бар. Сондықтан, заман бұзылса, ол тек адамдардың әсерінен бұзылады. Заманды бұзатын нәрселерді шығаратын адам емес пе?
Қорытындылай келе, заман-адам деген ұғым әрқашан екі жақты көзқарас тудырары анық. Себебі, қоғамның өзі екіге бөлініп отыр. Бірі заманға еліктеп,көпшіліктің ығында кетіп, өз жолын таппағандар болса, енді біреулері адами құндылықтарын жоғары қоятындар. «Заман өзгерді деп айту орынсыз, заманды өзгертетін адамдар тұрғанда. Сонау ежелгі ерте дәуірден,технологиялық дамуға жеткеніміз адамның ісі емес пе? Ойымды Қожа Ахмет Йассауидің өлең жолдарымен ұштастырып аяқтаймын:
Халықтан мейірім кетті,
Момынға телі-тентек тақымы өтті,
Талтүсте талапайда ақым кетті,
Бұл не деген заман болды, достар?
№38 мектеп-гимназиясының
11«Ә» сынып оқушысы: Жандос Аяла