Ұлттық банк айналымға Назарбаев бейнеленген банкнотты енгізеді
Ұлттық банк айналымға Елбасы бейнеленген банкнотты енгізеді. Бұл 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнот Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, деп хабарлайды kznews.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметі бойынша, аталмыш банкноттың дизайны бірегей технология бойынша дайындалған. Банкноттың тігінен орналасқан және номиналдың голографикалық бейнесін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотипті және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың факсимилесін қамтыған металсыздандырылған жолақ әлемде алғаш рет қолданылды. Банкнот көлемі 155х79 миллиметр.
Банкноттың бет жағы
Банкноттың бет жағындағы негізгі бейнелер: ҚР Мемлекеттік рәміздері, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев портретінің голографиялық бейнесі, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Киіз үйді» безендіру желісі бойынша «Басқұр».
Банкноттың сыртқы жағы
Банкноттың сыртқы бетіндегі негізгі бейнелер: ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті, Нұр-Сұлтан қаласының және Ақорда Президент резиденциясының панорамалық көрінісі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған логотип бейнесі.