Домой Экономика Семей әкімдігі шыршаларды 23 миллион теңгеге сатып алған

Семей әкімдігі шыршаларды 23 миллион теңгеге сатып алған

0
99

Семейде орнатылған екі жаңа шыршаның бағасы қала тұрғындарының наразылығын туғызды. Билік оны Мәскеуден 23 миллион теңгеге сатып алған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл жайтқа түсініктеме берді, деп жазады kznews.kz сайты Arnapress.kz-ке сілтеме жасап.

Семейліктер жаңажылдық шыршалар қалаға тым қымбатқа түсті деп санайды. Олардың пікірінше, тауар мен баға сәйкес келмейді.

Қалалық әкімшілік бұл жағдайды түсіндірді. ТКШ бөліміндегілер жасанды шыршаларды қаланы Жаңа жылға орай безендіру үшін сатып алғанын айтты.

«Уральская» шыршасы» деп аталатын жасанды ағаштар Мәскеуден сатып алынды. Біреуінің биіктігі – 19 метр, екіншісі – 18 метр», — делінген ведомство хабарламасында.

Шыршалар мына бөліктерден құралады: орталық алаңдағы «Жұлдыз» тәжі – ұзындығы 200 сантиметр; 10 метрден 200 дана жарық диодты гирлянда; «Жұлдыз» ойыншығы – 47 сантиметр, 25 дана; «Жұлдыз» ойыншығы – 36 сантиметр, 220 дана; жұлдыз тәрізді 245 қуат көзі адаптері, деп толықтырды ТКШ бөлімі.

Бұдан бөлек, жасанды ағаштардың құнына көлік шығыны, оны құрастыру мен салықтар кірген.

Айта кетері, бұған дейін Семейде құны 10,5 миллион теңге болатын «Жұлдызды аспан» инсталляциясы орнатылды. Сондай-ақ қала көшелеріне бес жаңажылдық шағын архитектуралық форма қойылады. Олардың жалпы құны 20 миллион теңгеге жуықтаған.