Министрдің 15 миллион теңге сыйақы алуы қаншалықты дұрыс?

0

Мемлекеттік қызмет істер агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешев министрлердің миллиондап сыйақы ала алатынын растады, деп хабарлайды kznews.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер миллиондап сыйақы алатын министрлер туралы сұрады.

«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былтыр 15 миллион теңге сыйақы алды деген ақпарат шықты. Бұл заңды тұрғыдан, мемлекеттік қызметшінің этикасы тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Жалпы басшының осыншама көлемде сыйақы алуы дұрыс па?», — деп сұрады тілшілер.

Мемлекеттік қызмет істер агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешев бұл сұраққа қысқа ғана жауап берді. Оның сөзіне қарағанда министрлер ондай сыйақы ала алады.

«Мемлекеттік органда осындай экономия болса, ол да мүмкін», — деді Дәуешев.

Айта кетері, орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген кейбір әкімдер мен министрлер өз жалақысын жариялады. Мәселен, Қызылорда облысының басшысы Гүлшара Әбдіхалықова айына 1 миллион 800 мың теңге алатынын айтқан. Ал төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің жалақысы шамамен 1 миллион теңге болады.