Жолаушы кезде сүннет намаздар оқыла ма?

0

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) былай деген:

«Мен Пайғамбармен де, Әбу Бәкірмен де, Омар және Османмен де сапарлас болдым. Олар бесін мен екінтіні екі рәкәғаттан, екі рәкәғаттан оқитын да, одан бұрын не одан кейін намаз оқымайтын»[1].  

Осы хадистен сапар кезінде сүннет намаздарын оқымауға рұқсат екендігін ұғынамыз. Бұдан басқа хадистерде Алла елшісінің жолаушы кезінде сүннет намаздарын оқығандығы айтылады.

Мәселенки сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен мына бір хадисте жолаушы кезде де сүннеттерді оқылатындығын аңғару қиын емес:  

«Алла елшісі (с.а.у.) жолаушы емес кезде оқылатын намазды және жолаушы кезде оқылатын намазды парыз етті. Біз жолаушы емес кезде одан (парыздан) бұрын да, кейінде намаз оқитынбыз. Жолаушы кезде де солай: одан (парыздан) бұрын да, кейін де намаз оқитынбыз»[2].

Осындай хадистерді талқылай келе: жолаушы кезінде сүннет намаздарын оқымауға рұқсат, бірақ оқыған адамға үлкен сауап бар дейді ғалымдар. Кей  ғалымдар «сүннет намазды жол үстінде кетіп бара жатқанда оқымайды, тоқтағанда оқиды» деген, яғни мүмкіндік болғанда оқиды деген мағынада. 

Тоқ етерін айтқанда, жолаушы кезде мүмкіндік болса сүннет намаздарды оқыған абзал, оқымаған адамға күнә жоқ. 

Бірақ, таң намазының сүннетін жолаушы кезде де тастауға болмайды. Алла елшісі бұған қатысты: «Аттарың қашып бара жатса да таң намазының екі рәкәғатын тастамаңдар» деген[3]. Хадисте «аттың» тілге алынуы — жолаушы кезде де таң намазының сүннетін тастамау керектігіне ишара[4]. 

Абдусамат Қасым