Жоғалтқан затын тауып беруді өтінген кісіге Әбу Ханифаның берген жауабы / Абдусамат Қасым

0

Ертеде бір кісі түнде Имам Ағзам Әбу Ханифаға келіп (Алла оны рахымына бөлесін):

-Уа Ұлық Имам, баяғыда бір жерге ақша көмген едім, сол көмген жерімді ұмытып қалыппын. Қанша ойға түсіруге тырыссам да, еш ойыма келер емес. Осы мәселені шешуге көмек бере аласыз ба? – деп өтінеді. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа болса: 
— Бұл фиқһи мәселе емес қой, қалайша шешімін айта аламын — дейді, бірақ артынан біраз ойланып тұрып: — Сіз үйіңізге барып таң атқанша намаз оқыңыз. Алланың қалауымен ақшаңыздың көмілген жерін еске түсіресіз – деп, әлгі кісіні үйіне жібереді.

Ол үйіне келіп, намаз оқи бастайды. Кенет, намаз оқып тұрған сәтінде көп ұзамай ақшаның көмілген орны есіне түсе кетеді. Бастаған намазын аяқтай сала еске түскен жерге барып, ақшасын қазып алады.

Таң атқаннан кейін Имам Ағзам Əбу Ханифаға барып ақшаның орнын тапқандығын айтып, алғысын білдіреді де, артынан: «Еске түсіретінімді қайдан білдіңіз?» деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Өйткені, шайтан малғұнның сізді түнімен намаз оқытқызып қоймайтындығына сенімді болдым. Ол (шайтан) ақшаның жерін есіңізге тезірек түсіртіп, намаздан көңіліңізді аударып әкетуді, осылайша түнімен намаз оқуыңызға жол бермеуді көздейтіндігін білдім» — деген екен.