Жасыл күмбезге ғашық болған бала
Күндердің күнінде Пәкістандық ғалым арнайы Пайғамбардың (с.а.у.) мешітін зиярат етейін деп Мәдина қаласына келіп қоныстанады. Ертесіне аулаға шығып үйдегі қатқан нанды алып құстарға шаша бастайды. Кенет бір кішкентей ғана бала әлгі нандарды құстармен таласып теріп жеп жатады. Ғалым таңырқап баланы шақыртып, қарыны тойғанша тамақтандырады. Сосын сұрақтар қоя бастайды:
— Сенің отбасың қайда?
— Әкеміз бұл өмірде жоқ. Анамыз көпбалалы болғасын барлығымызға бірдей күнделікті ас тауып бере алмаған соң осылай өз күнімді көріп жүрмін,-дейді. Ғалым көңілі түсіп балаға:
— Олай болса күнде өзіңмен бірге бір бауырыңды қоса үйге алып кел. Мен сендерге ас беріп отырамын, дейді. Содан біраз уақыт өтіп ғалым баланы шақыртып:
— Мен жақында Пәкістанға қайтып барамын. Қаласаң сен менімен жүр. Онда көптеген ғалымдардың алдында діни сабақ аласың. Сосын Исламның беделді тұлғасына айналасың,-деп ұсыныс тастайды. Бала қуанып үйне жүгіріп анасының рұқсатын алады. Біршама уақыттан кейін бала ғалымға келіп:
— Ол жақта мен ойнайтын көп ойыншықтар бола ма?
— Әрине болады.
— Ол жақта балалар ойнайтын алаң бола ма?
— Болады.
— Ол жақта жаңа киімдер бар ма?
— Мен саған жаңа киімдер алып беремін.
— Ал, ол жақта мына жасыл күмбез бар ма?-деп сұрағанда ғалым біраз тосылып:
— Өкінішке қарай, бұл күмбез жоқ ол жақта. Егер бар болғанда мен Мәдинаға ат терлетіп келмес едім, -дейді. Бала ойланбастан ғалымның ұсынысынан бас тартып былай дейді:
— Мен киімсіз, тамақсыз, ойыншықсыз өмір сүре аламын, бірақ, мына жасыл күмбезсіз өмір сүре алмаймын. Оның үстіне күнделікті кеудедегі жүрегімді жібітіп, рухани қуат алу үшін Пайғамбар (с.а.у.) мешітіне келіп тынығып тұрамын. Бұларды тәрк етіп мен ешқайда кете алмаймын, ренжімеңіз!.
Ғалым төбесінен тас түскендей болып көзінен жас парлап аға берді де, қолын көкке көтеріп:
— Я, Раббым! Мына баланың бойындағы Пайғамбарға (с.а.у.) деген ғашықтық сезімді маған да нәсіп ете гөр,-дұға еткен екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы
Дереккөз: http://kazislam.kz/