Ұялы телефонның қоңырау үніне Құранды қоюға бола ма?

0
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Ұялы телефонның қоңырау үніне Құранды қоюға бола ма?

 

Сұрақ: Ұялы телефонның қоңырау үніне Құран аяттарын және оятқышына азан даусын қоюға бола ма?

Жауап: Қазіргі таңда көпшіліктің қоңырау үніне Құран аяттарын немесе оятқышқа азан даусын қойып жүргені белгілі. Осы тұста, Алланың кәламын ойыншыққа айналдырмас үшін және Оның рәміздерін құрметтеу мақсатында бұл істен алшақ болуды ескертеміз. Өйткені Алла Тағала Құранды бекершілікке, ұялы телефондарға қоңырау үні етіп қоюға емес, аяттарына пікір жүгірту және ондағы үкімдерге амал етуіміз үшін түсірді. Алла Тағала Құранда:

كِتَٰبٌ أَنزَلۡنَٰهُ إِلَيۡكَ مُبَٰرَكٞ لِّيَدَّبَّرُوٓاْ ءَايَٰتِهِۦ وَلِيَتَذَكَّرَ أُوْلُواْ ٱلۡأَلۡبَٰبِ ٢٩

«Бұл – мүбәрак Кітап [Құран], оны саған (уа, Мұхаммед) аяттарын (адамдар) зерделеуі үшін һәм ақыл иелері үгіт алулары үшін түсірдік»[1], — дейді.

Мысыр елінің бұрыңғы мүфтиі доктор Әли Жұма, Ислам зерттеулер академиясының бұрынғы мүшесі Махмуд Ашур және одан да басқа ғалымдар Құран аяттарын қоңырау үніне қолдану харам деген пәтуа берген. Оның себебін былай түсіндірді:

1) Құран аяттарын қоңырау үніне қою оны аяқ-асты етуге алып барады. Өйткені дәретханада немесе басқа да лас жерлерде қоңырау шалып қалуы ыхтималы болғандықтан ол іске жол берілмейді.

2) Бұл іс Құранды құрметтеуге, ұлықтауға жатпайды. Алла Тағала Құранда: 

ذَٰلِكَۖ وَمَن يُعَظِّمۡ شَعَٰٓئِرَ ٱللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقۡوَى ٱلۡقُلُوبِ ٣٢

«Міне, солай! Ал кім Алланың (бекіткен) рәміздерін ұлықтаса, күдіксіз, ол жүректердің тақуалығынан»[2],-дейді.

Кейбір адамдар қоңырау үніне музыка қойғаннан Құранды қойған абзалырақ деген уәж айтуы мүмкін. Алайда музыканың орнына Құран қойғаннан жай ғана әуен қойса жетерлі. Бастысы оған қоңырау шалып жатқанын білсе болды емес пе?

Ал азанды оятқыш үніне қоюға келсек, оған рұқсат етіледі. Бірақ мына шарттар ескерілуі қажет:

1) Оятқыштағы азанды сөйлемнің соңына дейін тыңдау. Өйткені сөздің соңына дейін жеткізбей, ортасынан өшірсе мағынасы толық болмай қалады. Мысалы: «Әшһәду әлла иләһә илләллоһ, Әшһәду әннә Мухаммадан» деп «Расулаллаһ» сөзі айтылмай сөндіруге немесе «Әшһәду әллә иләһә» деген уақытта өшіруге болмайды. Өйткені ол «Алла жоқ» деп куәлік берген болады.

2) Дәретханада қосылып кетпеуін қадағалауы тиіс. Себебі ол Алланы еске алатын орын емес.

Дегенмен, аталмыш шарттарды орындағанның өзінде оятқышқа азан даусын қолданбауға кеңес береміз. Сондықтан Құранды қоңырау үні, азанды оятқыш ретінде пайдалануға болмайды. Бұл шариғат рәміздеріне деген құрметсіздік және тақуалыққа жат әрекет болып табылады.

 

[1]«Сад» сүресі, 29-аят.

[2]«Хажж» сүресі, 32-аят.


Fatua.kz