ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ
Түннің бір мезгілінде Ұлы Алламен бірге болу, яғни оған құлшылық жасау – құл үшін теңдесі жоқ бақыт пен зор қуаныштың қайнар көзі. Жаратушы Иеміздің осы уақыттарда жасалатын құлшылыққа разы болуы тұрғысынан да бұл уақыт айрықша рақым мағфират (кешірім) пен лүтуфқа (сый-сияпат) бөленудің ең оңтайлы сәттерінің бірі. Аятта былай делінген:
«(Тақуа құлдар түннің бір уақытында намаз оқып, истиғфар ету үшін) тәтті ұйқыларын бөліп, жылы төсектерінен тұрады. Раббыларының азабынан қорқып әрі рақым-шапағатынан үміт ете отырып, жалбарына дұға етеді.. Оларға берген ризықтарымыздың бір бөлігін қайырымдылық жолдарына жұмсайды» («Сәбә» сүресі, 16-аят).
Түнгі мезгілге жасырылған иләһи хикметтер мен құпия-сырлар адамның рухани дәрежесіне қарай белгілі болады. Миғраж секілді иләһи сыйлардың, уахидың түсуінің, сондай-ақ иләһи құдіреттің көрінісі болып табылатын бәле-апаттардың көбінесе түнгі уақыттарда орын алуы осы уақыттарға айрықша маңыз бөлудің қажет екендігін меңзеп тұрғандай.
Аллаға жақын болуды аңсайтын мүміндер үшін түнгі уақыт – таптырмас олжа. Осыған орай бір хадисте:
«Түнде сондай бір уақыт бар, мұ- сылман адамның Алладан дүниеге неме- се ақиретке байланысты тілеген жақсы бір тілегі сол уақытқа сәйкес келсе, Алла оған тілегенін міндетті түрде береді. Бұл уақыт барлық түндерде бар» делін- ген (Мүсілім, «Мусафирин» 166).
Хажә Әли Рамитәни былай дейді:
«Үш жүрек бір жерге жиналған кезде мүмін құлдың тілегі орындалады. Олар: мүміннің шынайы жүрегі, Құранның жүрегі «Иасин» сүресі және түннің жүрегі саһар (таңсәрі) уақыты». Осы бір нығметтің қадірін жете түсінген құлдар күллі махлұқат қалың ұйқы құшағына еніп, бүкіл әлемді тыныштық жайлаған уақытта дұға етіп құлшылық жасаудың, яғни Жаратушыға бет бұрудың ең нәрлі сәтін тауып мінәжат етеді. Ұлы Алла сол бақытты құлдарының мәртебесін асқақтата былай деп мақтайды:
«Олар түнде аз ұйықтайды. Саһар (таңсәрі) уақыттарында истиғфар етіп, кешірім тілейді» («Зарият» сүресі, 17-18 аяттар).
Түнгі мезгіл тәтті ұйқы мен жылы төсекті бір Алла Тағаланың разылығы үшін тәрк етіп, иләһи құзырда Раббымызға шынайы сүйіспеншілікпен бас иетін сәт болып табылады. Сондықтан, түннің алаңсыз уақытында оқылған намаздардың, Құранның, мақтап-дәріптеудің, айтылған тасбихтардың Аллаға жақындық тұрғысынан мәні де өте зор болмақ. Түнде жасалған ғибадаттар Ұлы Доспен ұшырасып, сұхбаттасу деген мағынаға саяды. Барлық адам жаппай ұйқыда жатқанда ояу болу, Ұлы Жаратушымыздың рақым-шапағатының аясына ену – Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленіп, кешіріміне ие болған ерекше құлдардың қатарына қосылу деген сөз.
Ішкі жан дүниеміздегі Аллаға деген сүйіспеншілігіміз бен махаббатымыздың деңгейі қаншалықты болса, түнгі құлшы- лыққа деген ынтызарлығымыз бен құштарлығымыз да соншалықты дәрежеде көрініс таппақ. Осы орайда, түнгі құлшылықтың рухани нәрін алып, дәмін татқан кейбір ғибадатқа берілген құлдар: «Мен өлімнен қорықпас едім, бірақ ол түнгі намазым мен менің арамды бөлуде» деген екен.
Расында да, Раббысын сүйетін құлдың түнін ғапылдықтың қою қараңғылығында таңертеңге дейін ұйқымен өткізуін қалай ақылға сыйдыруға болады? Сондықтан да саһар уақыттарында құлшылық ету Аллаға деген шынайы махаббат пен тағзымның айқын белгісі болып есептелген. Сондықтан, ғапылдыққа салынып, ұйқымен өткізілген түндерді тасқа, теңізге немесе шөл далаға жауған жаңбыр сияқты өнімсіз немесе үлкен кемшілік деп есептеген жөн.
Осыған орай, Расулалла (с.ғ.с.) Абдуллаһ бин Әмір бин Асқа былай деп өсиет айтқан:
«Абдуллаһ! Сен пәленше сияқты болма! Өйткені ол түнде құлшылық етіп жүріп, тастап кетті» (Бұхари, Тәһәжжүд 19).
Демек, тәһәжжүд намазын оқымау үлкен кемшілік пен ұтылыстың бірден-бір себебі деуге негіз бар.
Әмір ибн Абәсә (р.а.) былай дейді:
– Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Уақыттардың ішінде Аллаға жақындық тұрғысынан бәрінен артық бір уақыт бар ма? — деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ия, Раббысының құлына ең жақын болатын уақыт – түннің соңғы бөлігінің орта кезі. Егер сол уақытта Алланы зікір ететін кісілердің қатарынан бола алсаң, бол! Өйткені, ол уақытта оқыл- ған намазға періштелер келіп тұрады», — деді (Нәсәй, Мауақитус-Салат 35).
Қысқасы, мүмін түнін Алла және Елшісі (с.ғ.с.) көрсеткен бағытта жүйелі түрде өткізіп, зікірдің рухани пайдаларынан үлес ала білсе, оның түні күндізінен де жап-жарық болады. Осы орайда, хазіреті Баязит Бистами:
«Түндерім күндізге айналмай тұ- рып, маған ешқандай сырлар ашыл- мады», — деген.
Түннің қадір-қасиетін жете ұғынып, үлкен сый мен берекеге толы уақыттарын лайықты түрде өткізе білген құлдардың саһар уақытынан алған рухани азықтары күндіз де өз пайдасын тигізеді. Осы тұрғыдан, түнгі мезгілдің нәр мен рухани азыққа толы аясын тиісті дәрежеде пайдалану үшін саһар уақытында жасайтын амалымызды күніміздің барлық уақытына жеткізуіміз керек. Осылайша, күндізгі уақыттарда күнә істеуден сақтанып жүргеніміз жөн.
Осман Нұри Топбаш