Тақуалық тесті
Теңгесін қай жерге көмгенін ұмытқан кісі жөн сұрап келгенде имам Ағзам: «Бұл – фиқһ мәселесі емес. Дегенмен, саған бір жолын айтайын. Таңға дейін түнімен намаз оқы, есіңе түседі»,-дейді. Осылайша, әлігі кісі түнде намазға кіріседі. Біршама уақыттан соң көмген жері сап етіп есіне түсе кетті. Тез арада барып, теңгесін тауып алды. Таңертең имамға келіп алғыс білдірген соң: «Түнде намаз оқысам теңгемді тауып алатынымды қайдан білдіңіз?,-деп сұрады. Әбу Ханифа: «Шайтан сені түні бойы намаз оқуыңа жол бермейтінін білгенмін. Десе де, теңгең табылған соң Аллаға шүкіршілік етіп түнді құлшылықпен өткізгенің жөн болар еді»,-деп жауап берген екен[1].
Намазды ықыласпен оқуға шайтан кедергі етеді. Ал, енді оның белгілері қандай? Тақуалық тестін жүргізіп көрелік:
- Намаз үстінде құлшылықтан кейінгі шаруа жайлы ой келе ме?
- Намазда күйбең тіршілік мазалап, оның шешу жолдары іздейсіз бе?
- Құран мағынасына мән бермей, жаттанды формула сияқты оқисыз ба?
- «Аллаһу Акбар» деп тәкбір айтқанда мағынасын жіті түсінбей айту әдетке айналып бара ма?
- Намаз үстінде артық қимыл-әрекеттер жасайсыз ба?
- Құлшылық кезінде көз қиығымен оқып тұрған жер мен адамдарды мұқият көресіз бе?
- Намаз оқып тұрып, есінейсіз бе?
- Екі жаныңыздағы адамдардың қимыл-әрекеті қолайсыздық тудырады ма?
- Намаздан кейін сыртқа шығудың «әдістерін» ойлап отырасыз ба?
- Имам ұзақтау қырағат етсе, ашуланасыз ба?
- Намаз ракағаттарын ұмыту жиіледі ме?
- Қай сүрені оқығаныңыз есіңізге түсіре алмай ба?
- Әр намазда бір-екі сүрені қайталау әдетіңіз бе?
- Құптан намазын оқып болғанда иығыңыздан ауыр жүк түскендей сезінесіз бе?
Егер «тақуалық тесті» сұрақтарының көбіне «Иә» деп жауап берген болсаңыз жағдай қиын. Бұл намазда ықылас жоқтығын көрсететін белгілерге жатады. Іс насырға шаппай жатып, намазыңызды түзеңіз. Намаз түзелсе, басқа шаруа ретімен оңалады.
Руслан ҚАМБАР
[1]Ахмед бин Хажар Һайтами, «Хайрат Хисан», 99-бет
Дереккөз: http://kazislam.kz/