Тәліптер соғыстан шаршады
Астана. 5 ақпан. KAZISLAM – Тәліптер соғыстан шаршады. «Талибан» қозғалысының өкілдері мәмілеге келуге әзір. АҚШ Президенті Дональд Трамп СВS арнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасының жаңалықтар қызметі.
Ақүй басшысының айтуынша, тәліптер алғаш рет мәмлеге келу жөнінде ишара танытты. Тараптар ортақ келісімге келсе, АҚШ әскері Ауғанстаннан шығуы ықтимал. Рейтерс агенттігі Президент қажет болса, Ауған мен Сирияға әскерді қайта кіргізуге дайын екенін мәлімдеді деп жазды. Еске салайық, былтыр желтоқсанда Ақ Үй қожайыны екі елден де өз әскерін шығаратынын айтқан. Конгресс пен қорғаныс министрлігі бұл шешімді құптаған жоқ. Тіпті, Пентагон басшысы Джеймс Мэттис жұмыстан кетіп қалған еді.
«19 жыл бойы Ауғанстанда әскер ұстап отырмыз. «Тәліптермен» не болып жатқанын қараңыздар. Олар шаршады, бейбітшілікті қалайды. Бәрі де шаршады. Маған да бітпейтін соғыстар ұнамайды. Не болатынын алда көрерміз. Бірақ, «тәліптердің» бірінші рет беті бері қарады. Сондықтан біздің сыртқы саясатымыз дұрыс деп ойлаймын» дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Сарапшы Сұлтан Әкімбек тәліптердің шаршағаны туралы Трамптың мәлімдемесі асығыстық. Бұл Президенттің қозғалыс дәстүрін, тарихын білмеуі деп отыр. Қазір тараптар тәліптерді өз ығына жығуға тырысады. Өйткені, жазда елде Президент сайлауы өтеді. Америка Дохада кездессе, Ресей де кезекті келіссөзге әзірленіп жатыр дейді.
«Бұл қақтығыстардың көрінісі АҚШ пен Ресей арасында. Сыртқа ғана емес елдің ішіндегі жағдайдан да хабар береді. Мәскеуде келіссөзге кімдер қатысатынынан-ақ көрініп тұр. Оған барлық саяси күштер келеді деп күтіледі. Күнтәртібінде Тәліптер Үкіметпен мәмлеге келе ме, жоқ па сол тұр. Үкіметтің қозғалысты елемеуі қазір, дұрыс емес. Егер, осы екеуін кім татуластырса, сол абырой жинайды» дейді Сұлтан Әкімбек.
Дереккөз: http://kazislam.kz/