Сириядан қашуға тырысқан қазақстандықтар өлім жазасына кесілген
Астана. 10 қаңтар. KAZISLAM – Сириядан қашпақ болған бірнеше қазақстандық өлім жазасына кесілген. Бұл туралы СІМ өткен баспасөз брифингінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев айтып берді.
«Шетел азаматтары интернет арқылы отандастарымызбен байланыса бастаған. Бұл насихат әлеуметтік желілерде де қызу жүргізілген. Олар өмірдің әділ болатынын, барлық діни ережелер сақталатынын айтып, адамдарды алдап отырған», — деді ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында. Бақытбек Рахымбердиевтің айтуынша, алданып шақырылған қазақстандықтар сол жерге барғаннан кейін шындығында жағдайдың мүлде басқа екендігіне, ешқандай әділдіктің жоқтығына көз жеткізген.
«Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені, ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Біздің азаматтардың қашпақ болғаны үшін өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар» дейді Бақытбек Рахымбердиев.
Дереккөз: http://kazislam.kz/