Сириядан оралғандарды мемлекет қамқорлығына аламыз
11 қаңтарда Астана қаласында Қоғамдық даму вице-министрі Берік Сақбайұлы Арын балалары террористік белсенділігі жоғары Сирия-Ирак аймақтарына кеткен ата-аналармен кездесу өткізді. Жиынға ҚР азаматтарын елге қайтару мәселері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесуде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты жасаған мәлімдемесіне байланысты атқарылып жатқан шаралар талқыланды.
«Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, оның ішінде 6 ер азамат, 11 әйел азамат және 30 бала құтқарылып, елге қайтарылғаны белгілі.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізге оралған азаматтар бір ай бойы бейімдеу орталығында қажетті медициналық, оңалту, бейімдеу және басқа да (балаларды құжаттандыру, балабақшаға, мектепке орналастыру, әлеуметтік көмек көрсету, психологиялық көмек көрсету және т.б.) көмек алады.
Естеріңізге салсақ, 2018 жылдың 21 қарашасында ҚР Қоғамдық даму министрлігінің басшылығымен өткен кездесуде туындаған мәселелердің тез арада шешу жолдарын қарастыру үшін екі жақтан «Байланыс тобы» құрылып, оған ата-аналар комитеті мен Министрлік өкілдері кірген болатын. Байланыс тобы тарапынан шетелде жүрген азаматтардың тізімі ретке келтіріліп, тиісті құзырлы органдарға берілген болатын.
Ал, 11 қаңтарда өткен кездесу барысында ата-аналар тарапынан оралған балалардың жеке құжаттарын рәсімдеу, жәрдемақы мәселесін қарау, шет елдегі туысқандармен байланысқа шығу және тағы да басқа сұрақтар қаралып, оларға толық жауап берілді.
Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын қақтығыс аймағындағы ҚР азаматтарын елге қайтару және оларды оңалту бойынша жұмыстар әрі қарай да жалғаса беретіндігін және бұл жұмыстарға барлық мүдделі мемлекеттік органдар атсалысып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, осы жұмысты бұдан әрі «Байланыс тобы» арқылы үйлестіріп отыру туралы келісім жасалды.
Дереккөз: http://kazislam.kz/