Сириядан оралған балалар ДНК-сынақтан өтеді

0

Астана. 22 қаңтар. KAZISLAM – Сириядан елімізге оралған балалар ДНК-сынақтан өтеді. Бұл жөнінде қоғамдық даму министрлігі мәлімдеді. Процедура елге жеткізілген жеткіншектерді асырап алғысы келетін ағайындары үшін жасалмақ, деп хабарлайды Astana-TV.

Сонымен қатар, ведомство өкілі тағы 30 әйел мен 60 баланы Қазақстанға қайтаруға дайындап жатқанын жеткізді. Сирия мен Ирак аумағында барлығы бес жүзден астам жасөспірім жүр. Олардың көбісі сол жақта дүниеге келген. Ал, ата-анасының құжаттарын лаңкестер жойып жіберген.

«Көптеген баланың ата-анасы қайтыс болған. Олар жетімдер үйін паналаған. Елге ата-анасыз жеткіздік. Енді соларды асырап алғысы келетін ағайын -туысы іздестіріледі. Олар туысқан екенін дәлелдеуі керек. Ал, туыстық қатынасын анықтау үшін баланың қанынан ДНК сынама алынады» дейді, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Басқарма басшысы Бауыржан Бәкіров.

Былтыр 20 адам сыртқы істер министрлігіне өтінім жазып,сириядағы туыстарын қайтаруға көмектесуді сұраған. Министрліктің мәліметінше, бұл тектес өтініштер әлі күнге дейін түсіп жатқан көрінеді.

Еске салайық, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, әскери қақтығыс аймақтарында қазір тоғыз жүзге тарта Қазақстан азаматы жүр. Олар 2011мен 2016 жылдары аралығында елден кеткен.

«Сирия билігі бізге қол ұшын беріп, біздің түйінді шешуге атсалысып жатыр. Өкінішке орай, Ирак билігі керісінше. Әзірге бізде адамдарды қайтару жөнінде ешқандай үкіметаралық келісім жоқ. Сирия билігі өз аумағын тезірек бақылауға алған күнде біздің азамттарды елге қайтару мәселесі де тезірек шешілмек» дейді Бауыржан Бәкіров.








Дереккөз: http://kazislam.kz/