Шам елінде 500-ге жуық қазақ баласы жүр

0

Астана. 20 желтоқсан. KAZISLAM – Сирия мен Ирактағы соғыс ошақтарынан елге оралған 91 бала бүгінде өзгелермен бірге білім алып жатыр. Оларға ең алдымен қазақ тілі үйретіледі екен. Өйткені, көбі сол жақта туғандықтан араб немесе түрік тілінде сөйлейтін көрінеді. Жалпы Шам елінде 500-ге жуық қазақ баласы жүр, деп хабарлайды Информбюро жаңалықтары.

Соңғы 2 жылда қақтығыс ошақтарынан оралған 39 отбасына елдің 6 аймағында құрылған арнайы орталықтарда жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр екен. Ең алдымен, балаларға психологиялық көмек керек. Өйткені, көбі сол жақта туып, ес білгелі бомбаның жарылысы мен оқтың атылуын естіп өскен.

«Бізде танк құрастыратын зауыттың суретін салған бала бар. Заңгерлер мен психологтар үшін бұл маңызды сурет. Демек, 6 жасар бала ересектер көтере алмайтын ауыртпалықты басынан өткізді деген сөз» дейді кәмелеттік жасқа толмағандарға әлеуметтік-құқықтық психологиялық қолдау орталықтарының өкілі Ольга Рыль.

Осылайша елге оралған 91 бала бейбіт өмірге, қоғамға бейімделіп жатыр. Тіпті, қатарларынан қалмай сабаққа да барып жүр.

 «Сирияда, Иракта туған балалардың кейбіреулері араб тілінде тәрбиеленген де, араб тілінде сөйлейді. Оларды қазақша үйретіп жатырмыз» дейді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсаинов.

Министрлік өкілі бұл балалардың бәрі де өзге сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста деп отыр. Мектеп формасын да бұзбайды. Алайда, діни тұрғыдан айналасына ықпалы туралы нақты жауап естімедік. Балалар омбудсмені де осы мәселені көтерді.

«Тағы 500-ге жуық қазақстандық бала Ирак-Сирия аумағында жүр. Олардың дені өте кішкентай бүлдіршіндер. Оларды елге әкелгенде басқа азаматтардың да құқығын ұмытпау керек» дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, балалар омбудсмені Сәуле Айтбаева.

Иә, балалар бейкүнә. Олар Сирияға барамын деп армандамағаны да анық. Кейбірі тіпті сол жерде туып, кіндігінің қаны жат жерде тамғанын да білмейді. Ал, саналы түрде соғыс ошағына барған ата-аналарын қайтпек керек? Әлеуметтік көмек көрсету орталығының өкілдері қайта оралған әйелдердің кейбірі сол күндерді қорқынышпен еске алады дейді.

Мамандар ең алдымен психологиялық және әлеуметтік мәселені шешу керек, ал радикалдық көзқарастан айныту жұмыстары содан соң реттеледі дейді. Қайта оралған әйелдерге жәрдемақысын алуға жағдай жасап, оларды жұмысқа орналастырып жатыр екен.  Алдағы уақытта, қақтығыс аумағында жүрген 500 қаракөзімізді қайтаруды реттеу үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу де жоспарланып отыр.

Дереккөз: http://kazislam.kz/