Шайнаған – күмән, жұтқан – бұйырған…

0

Қазақта «Шайнаған – күмән, жұтқан – бұйырған» деген сөз бар. Бұл мақал қазақтың ризық пен нығметке деген түсінік-танымын айқындап беретін бір сөз. Қазақтың түсінігінде тамақтан өткен ас қана ырзық деп қабылданған. Ал шайнауда болып, әлі жұтылмаған асқа қазақ ырзық деп қарамаған. Оның ырзық болуы әлі күмәнді. Себебі, қазақ өлімнің аяқ-асты келетініне иман еткен соң, шайнаудағы астың жұтылуынан бұрын ажал жетсе, ол астың бұйырмайтынын біледі. Сол үшін де «шайнаған ­– күмән, жұтқан – бұйырған» дейді.

Осыдан-ақ қазақтың діни танымының тақуалыққа, зүһдтікке, яғни, дүниелікке көңіл қоймау принципіне негізделгенін аңғаруға болады. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бұл жайлы: «Адам баласы «малым, малым» дейді де тұрады. Ей, адам баласы! Жеп бітіргеніңнен, киіп ескірткеніңнен және садақа беріп тауысқаныңнан басқа сенің малың бар ма еді өзі?» ­­– деп, дүниеге деген адамның ұстанымы қандай болуы керектігін айқындап берген (Мүслим, «Зүһд», 3). Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниелік нығметте үмбеті үшін қойып берген өлшемі жеп-ішкеніңнен, киіп-тоздырғаныңнан және артылғанын қайыр-садақаға бергеніңнен басқасы қайырлы нығмет болмақ емес. Себебі, адамның көзі тойымсыз. Оның көзін тек топырақ қана тойдыра алады. Бұл жайында сүйікті Елшіміз (с.а.у.): «Адам баласының бір сай толы алтыны болса, екі сай толы алтыны болғанын қалайды. Оның аузын тек топырақ қана толтыра алады. Алла Тағала – тәубе еткендердің тәубесін қабыл алушы», – демеді ме? (Бұхари, «Риқақ», 10) Сондықтан да, қазақ жұтқанды бұйырған деп, одан артылғанда өзгенің ақысы бар деп түсінген.

Алайда, мұны түсінетін қазақ аз боп тұр. Малды жинауын жинайды, бірақ соның қызығын кейде өзі де көре алмай кетеді. Өмір сүру үшін жемейді, жеу үшін өмір сүреді. Ал жиғанын жеуге өмірі жетпесе не болмақ? Өлген соң ол малдың қызығын басқа біреу көреді де… Сол үшін қазақ «шайнаған – күмән» деген.

Өмірдің философиясын дөп басатын қазақта сөз көп. Өкінішке қарай, оны ұғар жан аз. Жапондардың «минимализм» принципін ұстанатын адамдарын көргенде таңғалдым. Бар-жоғы бір жолаушы сөмкесіне ғана сыярлық дүниемен өмір сүретін адамдарды көріп, «Пайғамбарымыз «Өмірде бір талдың түбінде аялдап, әрі қарай жүріп кете беретін жолаушыдай болыңдар» деген сөзді бізге айтқан секілді еді ғой, алайда діні бөлек басқа біреулер мұны өмірлік принцип ретінде ұстанған, бұл қалай?» деймін өзіме.

Мына бір мысал өзіме қатты ұнайды… Бір күні америкалық біреу Мексикаға сапарлатып барып, көлдің жағасында тынығып отырыпты. Сөйтсе, дәл сол жерде бір мексикалық балық аулап отыр екен. Бұл да әлгі мексикалықты сырттай бақылап отырады. Мексикалық балықшы шамалы отырып, 2-3 балығын аулаған соң қайтуға қамданыпты. Әлгі америкалық бұған ақыл-кеңес бермекші боп, сөзге тартыпты:

– Неге асықтыңыз? ­– депті америкалық. Мексикалық болса:

– Бүгінгі аулағаным да жеткілікті. Қанағат… – дейді.

– Үйге ерте барғанда не істейсіз? – дейді америкалық.

– Аулаған балықтарымды қуырып, отбасыммен жақсы бір дастархан жайып, түскі асымызды ішеміз.

– Содан кейін не істейсің?

– Біраз уақыт балаларыммен ойнап, оларға көңіл бөлемін.

– Одан соң?

– Одан соң шамалы демалып, ұйықтаймын…

– Одан кейін?

– Одан кейін кеш болады. Кешке достарымды зиярат етіп, олармен арқа-жарқа әңгімелесемін, – дейді мексикандық. Американдық та бұған қанағаттанбай:

– Мен сізге бір ақыл айтайын… Сіз ерте қайтқанша кешке дейін отырып балық аулаңыз.

– Ол балықтың бәрін не қыламын? – деп таңғалыпты мексикалық.

– Ол балықты апарып көрші-қолаңға сатасыз.

– Сосын?

– Түскен ақшаны жинайсыз. Жиналған ақшаға үлкенірек қайық сатып аласыз.

– Ол қайықты не қыламын?

– Ол қайықпен көлдің ортасына қарай барып көбірек балық ұстайсыз.

­– Ол балықтарды не істеймін?

– Оларды да сатып, тағы да біраз ақша жинайсыз.

– Ол ақшалармен не істеймін?

– Дүкен ашасыз. Ол  дүкеннен түскен ақшаны тағы да жинап, үлкен компания құрасыз.

– Сосын?

– Сосын бай боласыз.

– Одан соң?

– Одан соң зейнетке шығып, бала-шағаңызбен дастархан басында тамаша ас ішіп, демалып, достарыңызбен әңгімелесіп, рахат өмір сүресіз!

– Мен болсам не істеп жүрмін? Мен онсызда солай өмір сүріп жүр емеспін бе? – деп таңғалыпты америкалыққа.

Міне, екі адамның өмірге деген екі түрлі көзқарасы. Бірақ, сіздің ойыңызша, қайсысы тиімді?

Демек, өмірдің мәнін қиындатпай, қарапайым формуламен-ақ шешуге болады екен. Күрделендіретін тек өзіміз екен. Қызығын зейнетке шыққанда көремін деп, өмір бойы бейнетке белшесінен батып, қу тіршіліктің соңында жүреміз. Өмірдің қызығы мен мәні бұл емес қой. Сол қызықты зейнетке шығатын шақты күтпестен-ақ, азға қанағат қылып-ақ та көруге болады. Ырзық үшін алаңдап, қу тірліктің соңында кетіп, дүние жинаймын деп ырзық беруші әр-Раззаққа құлшылықты ұмыту – опасыздық болмақ. Көбіміз «дүниелігімді бір реттеп алайын, рахат бір өмірге шыққан соң, ақыретіме кірісермін» дейміз. Оған дейін кім бар, кім жоқ? Сондықтан да, бұл дүниедегі бар мақсұтымыз дүние жимақ болмасын, Аллаға және халыққа қызмет қылмақ болсын. Ал мал жиғың келсе, Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзін естен шығармайық:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи. 

Сұлтан КЕРІМ

Дереккөз: http://kazislam.kz/