Сәләфилер Әзіреті Әбу Бәкірдің «Алла аспанда» деген сөзін дәлел етеді. Бұл риуаят қаншалықты рас?

0

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Бұхаридың «әт-Тарихуль Кәбир» атты кітабында сахаба Әзіреті Әбу Бәкрдің әлгіндей сөзі келтірілгендігі рас. Онда сахаба Абдулла ибн Омар былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бақиға аттанған сәтте Әбу Бәкір оның жатқан бөлмесіне кіріп, иіліп маңдайынан сүйеді де: «Ата-анам саған пида болсын. Сен тірі кезінде де, өлі кезіңде де әсемсің, — дейді. Одан соң халыққа: «Кім Мұхаммедке (ғ.с.) табынған болса, шынында Мұхаммед өлді. Ал, кім Аллаға табынған болса, сөзсіз Алла – аспанда. Ол – тірі, өлмейді», — деп айтады». Дегенмен, бұл дерек те негіз боларлықтай емес. Себебі,

Біріншіден — деректерге қарағанда, аталмыш риуаятты жеткізуші рауилардың (хадис жеткізуші) арасында Мұхаммед ибн Фузайл ибн Ғазбән есімді кісі бар. Ол жайында кейбір хадисшілер «сиқа», яғни, «сенімді» деп айтса да, «Катесі көп» деп баға бергендер жоқ емес. Әрібірденсоң «дәлел бола алмайды» дейтіндер де болған. Бұл аталмыш риуаяттың дәрежесін төмендетеді.

Екіншіден — Имам Бұхаридің негізгі хадис кітабы болып табылатын «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағындағы нұсқасында «Алла – аспанда» деген сөз жоқ. Айша анамыздан жеткен ол риуаятта Әзіреті Әбу Бәкірдің былай дегендігі айтылады: «Сендерден кім Мұхаммедке (с.а.у.) табынған болса, шынында Мұхаммед (с.а.у.) өлді. Ал, кім Аллаға табынған болса, сөзсіз Алла – тірі, Ол — өлмейді»[1].

Одан бөлек, Ахмад ибн Ханбәл, Ибн Мәжә, әл-Һәйсәми сынды ғұламалардың хадис жинақтарындағы нұсқасында да «Алла – аспанда» деген сөз жоқ[2].

Осыған қарағанда, аталмыш риуаяттың «Алла – аспанда» деген жері артық, қоспа. Бұл — хадис ғылымында «зиядатур рәуи», яғни, «риуаятшының қоспасы» деген атаумен белгілі. Қағида бойынша, риуаятшының қоспасы көпшіліктің нақл еткен нұсқасына қайшы келсе, немесе өзінен де сенімді риуаятшылардың жеткізген нұсқасымен ұштаспаса, ол риуаят «шәзз» саналып, қабыл етілмейді.   

Үшіншіден — мына нәрсені айтпай кетуге болмайды, Имам Бұхаридің (р.а.) «әт-Тәрихуль Кәбир» атты еңбегі шын мәнісінде, риуаятшылардың жағдаяттарын баяндау үшін жазылған еңбек болып табылады. Ол кітапта әрқилы риуаяттар орын алуы мүмкін. Сондықтан да, ақидадағы маңызды әрі нәзік тақырыптарға ондағы риуаят дәлел бола алады деу қиын. 

Қорытындылай келе, «әһли сүнна уәл жамағат», яғни, сүннит сенімі «тәнзиһ» қағидасына сүйенетіндігін ұмытпаған жөн. Дәлірек айтқанда: «Жаратушы мен жаратылыстар арасында титтей ұқсастыққа жол бермеу» қағидасы. Аллаға Тағала көкте деу немесе «аршта» отыр деу «тәнзих» сеніміне көлеңке түсірері анық. Сондықтан да, ондай мазмұндағы аят-хадистер кездесіп жатса, олардың беткі мағынасын алмай, «тәнзиһ» негізінде түсіну шарт. Және де ақида мәселелерінде кез-келген риуаят алына бермейтіндігін естен шығармау керек. Сенім мәселесі нақты әрі бұлтартпас дәлелді керек етеді.  

Тоқ етерін айтқанда, сұрақта айтылған риуаят «Алла аспанда» дегенге дәлел бола алмайды. 

Абдусамат Қасым