Сахабалардан сыр сыңғыры-50
Абдуллаһ ибни Муғаффәл рһ.
Арда елшіге Худайбияда ағаш астында бәйғат берген сахабалардан болған Абдуллаһ, музәйна руына жататын. Әбу Саъид немесе Әбу Зияд лақабымен әйгілі еді.
Тәбук соғысының алдында, кедейліктері үшін мінерге көлік таппай Аялы елші алдына барған, Ол кісінің де оларға берер көлігі жоқ екенін айтқанда соғыс әскер қатарына қосыла алмағандары үшін көз жастарын көл еткен сахабалар қатарынан еді. Бәккәәіийн (Жылауықтар) деп аталатын осы сахабалар жайлы Тәубә сүресінің 92-ші аяты түскен болатын.
«(Жихадқа бару үшін) Сенен көлік сұрай келгенде: «Сендерге мінгізетін көлігім жоқ»- дедің. Оларда жұмсарлық нәрсе таба алмағандығынан, көз жастарын төгіп, қамыға (үйлеріне) қайтты, міне бұларда айып жоқ»
Абдуллаһ Мәдинада мекен ететін. Ілімге Аллаһ жолында іс жасауға жаны құмар бір сахаба болатын. Омар рһ-тың ағартушы әрі ұстаз етіп Басраға жіберген он кісінің арасында ол кісіде бар еді. Мұсылмандар Хузистанды фатх еткенде Тустәр қаласының қақпасынан алғаш енген сол кісі болды.
Абдуллаһтан жеткен хадис саны 43. Ол кісіден хадис жеткізгендер арасында, Хасан Басри, Әбул-Алия, Сәбит әл-Бунәни, Ъуқбә ибни Сухбан және Мұғауия ибни Курра секілді әйгілі мухаддистер еді.
59 (679) жылында Басра да көз жұмды. Өз өсиеті бойынша жаназа намазын Әбу Бәрзә әл-Әсләми өтеді.
Аллаһ ол кісіден разы болғай!
(Риядус-Салихийн Пейгамберимизден Хаят Өлчүлери, 1 том, 583-584 б.)
Аударған: Әбдікерім Әбу Мақтау әл-Баяни