Қырқынан шығару (баланың шашын алу)

0

Сәбидің өмірге келгеніне 40 күн толғаннан кейін тағы бір салтанатты рәсім орындалады. Оны «қырқынан шығару» деп атайды. Әдетте, ер баланы ерте жетіледі, жылдам өседі деген түсінікпен 40 күн толмай жатып қырқынан шығарған. Ал қыз бала, керісінше, жеңілтек болып кетпесін, байсалды, орнықты болсын деп, анық қырық күн толғаннан кейін қырқынан шығару рәсімін орындаған. Бұл күні жиналған әйелдер баланың шашын, тырнағын алып, жақсылап шомылдырған. Мұндайда әдеттегідей қарапайым сумен емес, ішіне күміс салынған, қырық қасық тап-таза су құйылған ыдысқа шомылдырады. Тіпті, баланы шомылдыру мәртебесі кез келген әйелге емес, ел арасында сыйлы, көп бала-лы ана атанған, үлгі боларлықтай ақ жаулықты анаға бұйырған. Баланың басына қасықтап су құйған сайын, жиналғандардың әрқайсысы өз тарапынан тілектерін білдіріп отырады. Соңынан барлық әйел су түбіндегі күміс тиындар мен әшекейлерді өзара бөлісіп алады. Негізі, суға салынған әр заттың өз мағынасы бар. Бұл жайлы «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» кітабында «Баланы шомылдыратын суға күмісті ол адал, ақ, пәк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы мол болсын деп құяды» делінген. Қырқынан шыққан бала адам қатарына қосылды, қауіпті кезеңнен өтті деп са-налып, ел ішіне шыға бастаған. Яғни, дүниеге келген сәби 40 күннің ішінде айналадағы ортаға бейімделіп, жүйке жүйесі қалыптаса бастайды екен. Адамдардың даусына, айналада болып жатқан құбылыстарға де-ген сезімталдығы пайда болады. Ғылыми тұрғыдан да жаңадан туылған сәбидің алғашқы 40 күнінде жүйке жүйесінің қалыптасатындығы дәлелденген.

Баланы шомылдыру тек қырқыншы күні ғана іске аспайды, оған дейін де әр күні шомылдырып отыра-ды. Шомылдырар сәтте дайындалған суға бірінші күні тұз, екінші күні сабын, үшінші күні хош иісті шөп (киікоты) қосып, кезек-кезек шомылдырады. Тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр болып, кішігірім жарақаттарға қатты қиналмайды, тез жа-зылады. Ал сабынның бактерияларды жоятындығы белгілі. Мұнымен қоса, халықтың орналасқан аймақтарына қатысты өз ерекшеліктері болады. Сол секілді баланы қырқынан шығару кезінде де әр өңірде аздаған өзгешеліктер болуы мүмкін. Мысалы, кейбір аймақтарда қырқынан шығарар кезде шомылдыратын суға түрлі заттар салады. Айталық, еліміздің оңтүстік аймағында сәби ұл болса, оны қырқынан шығарар кезде шомылдыратын суға асық салады, ал қыз болса, онда суға тиын ақша, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар салады. Сөйтіп сәбидің шашын алған адамға шашының салмағындай алтын береді. Шашты сақтап қояды. Одан кейінгі кездерде шашын алса, адам аяғы басып жүрмейтін жерлеге тастайтын болған немесе жерге көміп қойған. Қазақта «ит жейде» (ит көйлек) деген бар. Ол – сәбидің қырқынан шыққанша киетін жейдесі. Оның түймелері болмайды, алды ашық болады да сәбиді киіндіріп-шешіндіріп жүруге өте оңай келеді.

Сонымен баланы қырқынан шығару – тіршілік цикліне қатысты атқарылатын рәсімнің бірі. Қазақ халқы бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндікті қауіпті, қатерлі «өтпелі кезең» санап, жаңа туған нәрестені қадағалап, қасынан адам үзілмей қарайтын болған. Мұнымен қоса қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды.

Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Шо-мылдыратын ыдыстың түбіне күміс салуды адалдықтың белгісі деп бағамдайтын болған. Яғни күміс салынған су – ең таза су болып есептеледі және оған жын-шайтан жоламайды деп санаған.

Байырғы орта түсінігінде берілетін әшекейлер баланың денсаулығы мен өмірінің ақысы болып саналатындықтан, баланың анасы немесе әжесі «қырқынан шығару» мерекесіне келген әйелдерді, кіндік шешені ренжітпей, риза қылып, қалауын беріп аттандырған

Ал шариғат бойынша нәрестенің шашын туылғаннан біраз уақыт өткен соң ала беруге болады. Яғни, қазақы дәстүрдегідей 40 күн күту шарт емес. Кей хадистерде жетінші күні алу керек екендігі де айтылған. Мұнда баланың шашын алғаннан соң, сол шаштың салмағындай садақа беру керек. Бұл амалдың екі түрлі пайдасы бар. Біріншісі – денсаулыққа пайдасы, яғни шаш алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екіншісі – әлеуметтік пайдасы, оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады. Нәрестенің шашын алуға қатысты төмендегідей хадис-тер келген.

Имам Мәлік өзінің «әл-Муатта» атты кітабында Жағфар ибн Мұхаммедтен таратқан риуаятында Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың (р.а.) ұлдары Хасан мен Хүсейін, қыздары Зейнеп пен Умму Күлсімдер туылғанда олардың шашын алып, сол шаштың салмағындай садақа бергендігі туралы айтылған.

Ал имам Термезидің Мұхаммед ибн Әли ибн әл-Хүсейіннен жеткізген хадисінде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима (р.а.) Хасанды босанған кезінде: «Уа, Фатима! Оның шашын алып, сол шаштың салмағындай күміспен садақа бер», – деп бұйырған.

Шаш алу мәселесінде шаштың бір бөлігін алып, бір бөлігін қалдыру, кекіл, тұлым қою сияқты мәселелер туындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашты ала-құла алуға қатаң тый-ым салған. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадисте: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаштың бір бөлігін алып, бір бөлігін қалдыруға тыйым салды», – делінген.

Сонымен қатар, шашты бей-берекет далаға шашпау, аяқ асты етпеу де халық ғұрпында мұқият сақталған. Әйел кісілердің де тарақтан түскен шаштарын жинап, жерге көміп отырған немесе өртеген. Сондықтан шаш алудың да, оны тастай салмаудың да астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ халқында қалыптасқан салт бойынша нәрестеге байланысты әдет-ғұрыптардың көпшілігі біраз уақыт өткен соң, кейде қырық күннен кейін жасалатындығы белгілі. Баланың шашы да сол кезде алынады. Бұның астарын-да климаттық, тұрмыстық ерекшеліктер жатқан болуы ықтимал.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз