Құранды жастанып жатуға, не жастық астына қойып жатуға бола ма?
Сәлеметсіздер ме! Түнде ұйқыдан алдын Құранды жастық астына қойып ұйықтаса не болады, күнә бола ма? Мысалы, жаман түс көрмеу үшін немесе бастырылмау үшін т.б.
Сәлеметсіз бе! Пайғамбарымыз (с.а.у.):
يا أهل القرآن لا تتوسدوا القرآن
«Ей Құран иелері! Құранды жастанып жатпаңдар» — деп бұйырған[1]. Ендеше, Құранды жастанып жатуға немесе жастық астына қойып жатуға дінде рұқсат жоқ. Бұлай ету — Құранға деген құрметсіздік болып саналады дейді ғалымдар.
Ал, түнде түрлі жаман түстер көруден сақтанғысы келген кісі әр түні жатарда төсегін «бисмиллаһ» деп қағып, одан соң «ықылас», «фалақ» және «нас» сүрелерін үш реттен оқысын, әр оқығанда екі алақанына үфіріп, дененің қол жеткен жерлерін сипап шығады. Бұнымен қатар, шошынып оянған кісі үш рет сол жағына түкіріп, одан соң «әғузуді» айтып, келесі жанына аусып жатсын.
Кішкене балаға қосымша мына дұғаны оқуға болады:
«Уғи́зукә (қыз баласы болса «уғизуки») бикәлима́тиЛла́һит тә́ммә́ти мин кулли шайта́нин уә һә́ммәтин, уә мин Кулли айниль Лә́ммә».
Мағынасы: «Сені түрлі жын-шайтанның, түрлі зиянкестің (мысалы: микроб, вирус, паразит, зиянды жәндіктер) және әр түрлі жаман көздің кесірінен сақтасын деп, Алланың кәміл сөзіне сыйынамын»[2].
Абдусамат Қасым