Қоғамдық зардабын маңайымыздан көріп жүрміз
Бүгінгі таңда діни білімнің жоқтығынан зардап шеккен азаматтар арамызда жүр. Кейбірі адасып шетел асып жатқанын ақпарат құралдары арқылы естіп-біліп жүрміз. Демек, діни білім беру саласының да қоғамдағы өзектілігі артып келеді деген сөз. Осы саланың қыр-сыры мен маңызы жайында «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Нариман Исеновпен сұхбаттасқан едік.
– Жат ағымдардың жетегінде кетуден қорыққан кейбір бауырларымыз діни білім алудан қашқақтайтын әдет тапқан сияқты. Бұл дұрыс па?
– Әрине, бұл дұрыс емес. Жат ағымның кесірінен, зиянынан шынайы қорқатын адам, алдымен, одан құтылу жолдарын іздестіруі тиіс. «Қараңғылықпен күрескенше шам жақ» дейді халық даналығы. Жат ағымның құрығына ілікпеудің бірегей жолы – дұрыс діни сауаттылық. Яғни, бұрыс бағытта білім алу дегендік. Білімді жат ағымға қарсы иммунитет деп түсіну керек.
Мешіттерге ата-аналар «балам мынандай ағымға өтіп кетті», «айтып едік сөзімізді тыңдамады», «өзінің тыңдайтын адамадары, «достары» бар», т.б. мазмұндарда мұңын айтып келеді. Әңгімелесіп көрсеңіз, ол кісілердің өздері де діннен мардымды хабары болмай шығады. Өкінішті, әрине. Сол ата-аналар өздері дәстүрлі діни көзқарас пен жат ағымның ара-жігін ажырата білсе, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық һәм діни танымдарымызды, сенімдерімізді жақсы білсе баласына көшедегі «достары» емес өзі діни құндылықтарды үйретсе, баласы жат ағымның өкілі болып кетпес еді…
Тіпті, кейбір орта жас кісілердің де осындай көзқарасын байқап қалып жатамыз. Пайғамбарымыз ғалайһиссалам бір хадисінде «Екі топ адам ілімнен құр қалады. Бірі — тәкаппар, екіншісі — ұялшақ адам» деген екен. Сондықтан, білімнен құр қалуға болмайды. Білімнен мақұрым қалудың қоғамдық зардабын маңайымыздан көріп жүрміз.
– Бүгінгі таңда діни білім алудың көптеген форматтары бар. Ғаламтор, әлеуметітк желі бар, қала берді тіл білетін адам үшін әр тілде электорнды кітаптар да жеткілікті. Сонда да не үшін мешіттен білім алуды дәріптейсіздер?
– Өз бетімен ілім алуды ғалымдар құптамайды. Тіпті, оны мәкруһ деп айтқандар бар. «Ұстазсыз адамның ұстазы – шайтан» деген сөз де бекер айтылмаған болу керек. Пайғамбар Мұхаммедтің де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстазы болған. Ол — Жәбірейіл періште. Ал сахабаларға тәлім берген ұстаз — ол Алла Елшісі (ﷺ). Дініміз осы күнге дейін осындай тізбекпен үйретіліп келеді.
Ғаламтордан, әлеуметтік желіден білім алудың да өзіндік зардаптары бар. Экранның ар жағындағы «ұстазды» толық танымайсыз, нақты білмейсіз. Мүбәда, ол адам миссионерлік тәжірибесі мығым жат ағым өкілі болса, білім алушыны өз бағытына алып кетуі мүмкін. Ал, электорнды кітаптарды да сараптап, таңдап оқыған дұрыс. Еліміздің заңдық нормаларына, еліміздегі мұсылмандардың тарихтан бері ұстанып келе жатқан шариғаттағы Әбу Ханифа мазһабы мен сенімдегі Матуриди мазһабынан басқа, ҚМДБ-ның ұстанымына керегар кітаптар болса, ол біздің береке-бірлігімізге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарымызға қайшы көзқарасқа жетелейді. Сондықтан, әрбір ынталы азаматқа дәстүрлі Исламның ошағы болған мешіттерден білім алуды дәріптейміз.
– Дін сауаттылық үшін құлшылыққа, тұрмысқа, қоғамдық өмірге қатысты шариғат білімін білу жеткілікті ме?
– Құстың екі қанаты болғаны секілді, мұсылман адамның да діни әрі зайырлы ілімі болуы тиіс. Күнкөріс үшін осы өмірдің білімін білу, кәсіп үйрену қажет. Ал діни сауаттылық ұғымының қамтитын мағынасы кең көлемді деп айтуға болады. Әдетте біз жиі айтып жүретін иман, сенім, құлшылық мәселелерінен тыс тұрмысқа, адамдар ара қарым-қатынасқа, саудаға, мәмілеге қатысты шариғи білімдерді қамтиды. Сондықтан, азаматтар шамасы келсе Құран әліппесін оқумен, Құранға түсумен, намаз үйренумен ғана шектеліп қалмай, өмірлерін көркем түрде өткізуге себеп болатын басқа да діни білім салаларын игеруге құлшынғаны абзал. Ал, зайырлы білім алу ол өте маңызды.
«Әр мұсылманға ілім үйрену парыз» деген хадистегі «ілім» сөзі жалпылама келген, яғни онда дін білімнің сан тарауы қамтылумен қатар дүниелік білімдер де қамтылған. Пайғамбарымыз ғалайһиссалам «Қытайдың жеріне барып болса да ілім үйрен», — деген ғой. Сол үшін мұсылман адам көпжақты білімдар болғаны қуанарлық іс.
– Ұстаздар шәкірттерінің жат ағымға кетіп қалмауы үшін не істеуі керек деп санайсыз?
– Халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп өте дұрыс айтқан. Ұстаздардың қырағылы мен кәсіби біліктілігі аса маңызды. Бүгінгі таңда еліміздегі қазақ тілді аудиторияда білікті ұстаздар қосыны қалыптасып, діни білім саласына бір шоғыр білімді азаматтар келді. Алайда, шетелден білім алу бір басқа, оны халыққа жеткізу бір басқа. Шәкіртті Құранға түсіру, ақидадан кітаппен сабақ беру бір басқа да, олардың діни танымын өсіру — бір басқа. Олай дейтініміз бүгінгі қоғам – ашық ақпарат алаңы. Мәселен, қазір ютубті ашыңыз, басқаны айтпағанда қазақ тілінде әртүрлі ағымдардың уағызшыларының кескіні жүктелген. Бүгінгі шәкірттер де діни ақпаратты мешіттен ғана қабылдамайтынын ескеру керек.
Сондықтан әрбір ұстазға жоғары деңгейдегі біліктілік керек. Қай шәкірттің діни білімді қалай қабылдағанын, қандай көзқарастарды сіңіріп жүрегенін қадағалап отыратын қырағылық қажет. Сонымен бірге халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, Ұлы Далада ешбір діни алауыздыққа жол бермеген біздің халқымыздың діни дүниетанымымен де толық таныс болу керек. Шәкірттерге осы сабақтастықтың жүлгесін сақтай отырып білім беру керек.
– Діни білім алу шариғи тұрғыда азаматтарға қандай жауапкершілік арқалатады?
– Діни білімнің арқалатар жауапкершілігі мол. Ол әуелі Абай атамыз айтатын «толық адам» болуға жол нұсқайтындықтан сол «кәміл инсанның» жауапкершілігін арқалатады. Ол дегеніміз сапалы қоғамды жасайтын сапалы адамдық капитал деген сөз. Мұның жолында барлық ізгілік жатады. Сонымен бірге шариғатымыз талап ететін Отанды қорғау, ата-ананы құрметтеу, білімді жеткізу, қоғамның дамуына, тыныштығына, берекесіне үлес қосу, т.б. толып жатқан ізгі жауапкершіліктер жүктейді. Бұл жауапкершіліктің мүддесінен шығу үшін дұрыс діни ақпараттармен сусындап, дұрыс бағытта білім алу аса маңызды.
– Салихалы әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН