Қазақстандағы дінтану саласының басты мәселесі қандай?

0

Назарларыңызға философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қарлығаш Молдағалиқызы Борбасованың «Қазақстандағы дінтанудың басты мәселесіне» қатысты сұхбатын ұсынып отырмыз.

-Қазақстандағы дінтану ғылымы қандай деңгейде? Дінтанушылар тек жат ағымнан зардап шеккендерді оңалту үшін қажет пе?

Қазақстандағы дінтану ғылымының тарихы 90-жылдардан басталып, әлі қалыптасу кезеңінде деп айтуға болады. Себебі, дінтану ғылымының зерттеу саласы өте ауқымды. Бізде діндер тарихы, ислам философиясы мен тарихы, дін мен мемлекет қатынасы саласы бойынша біраз жұмыстар жасалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасында авторлардың ұжымдық жұмысының нәтижесінде «Қазақстандағы діндер», «Қазақстандағы жаңа діни ағымдар», «Дінтану» оқулығы, «Дінтану» энциклопедиясы т.б. оқу әдістемелік құралдары жарық көрді. Біздің басқа университеттегі «Дінтану» мамандығын даярлайтын әріптестеріміздің де ғылыми еңбектері мен оқу құралдары басылып шығып, қолданысқа түсіп жатыр.

Сіздің «дінтанушылар тек жат ағымнан зардап шеккендерді оңалту үшін қажет пе?»  деген сұрағыңызға мен: «Дінтанушылар қоғамның жат ағымнан зардап шегуінің алдын алу үшін қажет»,-деп жауап беремін. Дінтанушы мамандар біріншіден, қоғамның діни сауатын көтерулері керек, екіншіден, қоғамда болып жатқан діни жағдайды сараптап, ғылыми түрде баға беріп отыруы керек. Сонда ғана қоғамдағы діни жағдай реттеліп, тұрақтылық сақталады.

-Ғылымның осы саласының алдында кезек күттірмес қандай мәселелер мен мақсаттар тұр?

Қазақстандық дінтанушылардың ғылыми зерттеу бағыттары әр түрлі болса да, дін феноменологиясы, дін психологиясы, дін социологиясы салалары мүлде игерілмей жатыр. Студенттер қазақ тілінде арнайы оқулықтармен қамтамасыз етілген жоқ. Оның себебі де түсінікті, дінтанушы ғалымдар ғылыммен қоса оқытушылық қызметті қатар алып жүруге мәжбүр. Алда аталған ғылым салалары бойынша ағылшын тіліндегі зерттеулердің бес, он, кейде он бес жылдар аралығында жазылғанын ескерсек, біздің дінтану ғылымында әлі біраз жұмыстар өз кезегін күтіп тұр.

-Секта, жат ағым дегенде еріксіз Ислам діні өкілдері ойға келеді? Неге бұлай деп ойлайсыз? Жалпы, басқа діндердің секталарынан елімізге қауіп бар ма?

Мен үшін секта деген ұғым исламмен ғана байланысты емес, себебі, сектанттық тенденция барлық діндерге тән. Секта – бұл топ мүшелерін физикалық және психологиялық тәуелділікке түсіруді мақсат ететін ұйым. Жалпы діни ұйымдар өздеріне тән ұйымдастырушылық жүйесімен, зайырлы қоғамға қатынасымен, азаптан құтқарылуымен, ұйымға мүше болу прициптерімен ерекшеленеді. Американдық ғалым Брайн Уилсон секталарды үш көрсеткішіне – дүниеге қатынасына, қызметіне және сеніміне байланысты салыстырып, сектаға тән ерекшеліктерді ашып көрсетеді: секталардың көбінде мүшелік ерікті түрде болады, бірақ, арнайы сынақтан кейін ғана мүмкіндік алады. Бұндағы адамдар өз қоғамдарын ерекше деп есептейді де, ал, өздерін таңдаулылар ретінде сезінеді. Секталарда мүшелерінен міндетті түрде өзін-өзі жетілдіріп отыруы талап етіледі. Сектанттар пендешілік өмірге өте бейім келеді, олардың көш басшыларының барлығы бизнес пен желілі маркетинг жүргізудің іскерлері десе болады. Сектанттық ағымдарда әлеуметтік өмірге дұшпандық қарым-қатынасты уағыздайды және оларда тоталитарлық жүйе қалыптастырылады. Бұл соңғы көрсеткіш қазіргі Қазақстандағы исламдық ағымдарға тән. Бәрімізге белгілі исламдық ағымдар жастарды қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерумен өз топтарына жинап алады да, исламдық идеяларды бұрмалап, халифат құру жолындағы күреске үгіттейді.

Біздің елде жоғарыда айтқанымдай сектанттық тек исламдық ағымдармен байланысты емес, неопротестанттық ағымдар қызметінде де көрініс беріп отыр. Олардың миссионерлік қызметінде кейде ашық, кейде жасырын түрде мемлекеттің ұлттық бірегейлігіне және рухани дамуына зиянды әрекеттері әшкереленген деректер бар. Олар туралы БАҚ беттерінде жарық көрген мақалалар жетерлік.

Егер ұйымда төменде аталған мінездемелер болса оларды сектаға жатқызуға болады:

  • Ілімдерінің екіжақтылығы (сектада ашық таралатын, қоғамға, ұйымның қатардағы мүшелеріне арналған ресми ілім және тек ұйым басшылары мен көшбасшыға белгілі құпия ілім);
  • Қатал ирархиялық ұйымдастырылу (секта басшылары, қатардағы адептер, неофиттер);
  • Ұйым басшылары адептер (ілесуші) мен неофиттерге (дінге жаңадан кіруші) агрессиялық манипуляция әдісін қолдану арқылы олардың тұлғалық еріктерін бақылауға алады;
  • Ұйымның адептерімен қоса сектаға мүше еместерге де физикалық, моральдық және материалдық зиян келтіреді.

-Жат ағым идеологиясы ықпалына түсіп қалатын адамның психологиялық бейнесін айтуға бола ма? Мәселен, баланың немесе оқушының жүріс-тұрысына қарап ата-ана, мұғалім немесе куратор сол арқылы танып біле алатындай белгілерін атап бересіз бе?

Сектанттық ұйымға кірген адамның психологиялық бейнесі әр түрлі болуы мүмкін, әйтсе де, ортақ белгілері бар. Кез-келген ағымға кірген адам бірден оқшаулана бастайды. Өзінің араласып жүрген ортасынан бөлініп, тұйықталады. Өзінің жеке арнайы оқитын кітаптары пайда болады. Бұрынғы қызығып көріп жүрген телебағдарламалар мен кинофильмдерді қарауды тоқтатады. Отбасында ескертусіз үйден кетіп қалу жиілейді. Бұрын араласпаған адамдармен телефонмен жиі сөйлеседі. Өзінің еңбек ақысы жоқ болса, әсіресе, жастардың ақша сұрауы көбейеді. Киім киюінде, жүріс тұрысында, сөйлеу мәнерінде де өзгерістер пайда болады.

 Дінтанушылар мен психолог мамандар жаңа діни құрылымдардағы жұмыс негізінен жастарға бағытталған деген тұжырым айтады. Алғаш келген жасөспірім бүкіл топтың ерекше назарында болады. Оған оны Құдайдың қалай сүйетіндігі, оның өзінің жоғары міндеті туралы, күнәға толы осы өмірде тек осы «жанұяда» адамдар бірін-бірі қадірлейтіндігі туралы айтып, сендіреді. Жас адамның ойлау қабілетін тоқтататын әдістерді қолдану арқылы оны «ерікті» түрде иландырады. Осылайша, рухани ізденістегі адамға да, өмір тәлкегінен күйзеліске ұшыраған адамға да бұл ұйымдар «қамқоршы» болып көрінеді. Бірақ, олардың берген жұбанышы уақытша және алдамшы, өйткені, олар өмірдегі нақтылы нәрсені өзгерте алмайды. К.Маркстің діни жұбаныш әдісін апиынмен салыстырғаны сияқты, ол дерттен айықтырмайды, ол сол сәттегі ауруды ғана сездірмейді. Жаңа діни ағымдарда көбінде адам діни идеологиялық шырмауда қалады. Егер адам өзінің адамгершілік нормалары мен жалпы құндылықтар туралы нақтылы көзқарасы болмаса, онда ол адам еріксіз робот сияқты өз еркімен біреудің айтқанын орындай бастайды. Бұндай жағдай әрине тұлғаны психологиялық және рухани тоқырауға ұшыратады.

-Жат ағымға қарсы елімізде қабылданған заңдар қоғамымыз үшін қаншалықты тиімді?

Жат ағымдардың көпшілігі эктремистік және террористік деп танылғандықтан, оларға біздің елде де шетелде де тыйым салынған. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, біраз іс-шаралар жүзеге асты. Бұндай ұйымдардың идеологиясын қолдау немесе тарату қатал жазаланады. 21 діни ағымға елімізде тыйым салынған болатын, оған жақында ғана «Йақын Инкар» ұйымы қосылды.

2011 жылы қабылданған ««Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында миссионерлік қызметтің шеңбері атап көрсетіледі және бұл қызмет Қазақстан қоғамының рухани дамуына ешқандай кедергі келтірмеуі тиіс. Егер Заңға қайшы әрекет болғанда оның деңгейіне байланысты айыппұл төленеді. Бұл әрекет қайталанғанда діни бірлестіктің қызметі тоқтатылады.

-Сіздің соңғы зерттеген тақырыбыңыз, яки, сиясы кеппеген еңбектеріңіз туралы айтып берсеңіз?

Мені жалпы «діни сана» мәселесі қызықтырады. Соның ішінде жаңа діни ағымдарды таңдаған адамдардың дүниетанымы менің зерттеу нысанымнан кеткен емес. Осы мәселе төңірегінде бір монография жазылып жатыр. Сонымен қоса өзімнің жетекшілігімде жазылып жатқан «діни символдар» тақырыбында диссертация бойынша да жұмыс жүргізілу үстінде. Бұл бағытта диссертантпен бірге бірнеше мақалалар жариялау жоспарда тұр.

-Ғалым ретінде айтыңызшы, дінтану ғылымының дамуына мемлекет қаншалықты қолдау көрсетіп жатыр? Осы бағытта қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

Дінтану мамандығына бакалавр, магистратура, докторантура бойынша гранттардың жыл сайын көбеюін дінтану ғылымының дамуына мемлекет тарапынан жасалған қолдау ретінде бағалауға болады. Енді осы ғылымды дамытатын мамандарға да қолдау көрсетілсе еліміздегі діни жағдайға қатысты біраз мәселелер шешілер еді. Еңбек ақысынан бастап, мамандардың кәсіби деңгейінің өсуіне жағдай жасалуы керек. Содан кейін дін мәселесіне қатысты барлық жобаларды осы мамандарға жасату керек. Жасыратыны жоқ, дінге қатысты заң жобасын талқылағанда санаулы дінтанушы мамандар заңгерлермен қоса спортшылардың баяндамасын тыңдаған.

-Мектептегі орамал мәселесін екі бірдей министрлік неге қоғамға тиімді етіп шеше алмай жатыр?

Бұл мәселенің шешілмеу себебі, біз өзімізге өзіміз қайшы келіп отырмыз. Заң бойынша діни сенім бостандығын береміз де, оның кейбір көріністерін шектейміз. Мектепте өтпелі кезеңдегі қыз балалар діннің ішкі мәнін түсінбестен сыртқы формасына ерекше мән береді. Бұл – жалпы дінді алғаш қабылдаған неофиттерге тән мінез құлық. Діни талаптарды орындауда оларға әркез фанатизм тән. Сондықтан, мектеп жасындағы қыз балалардың діни сезімдерінің нәзіктігін ескере отырып, олармен өте абай жұмыс жасау керек. Мектептегі ұстаздар мен оқу бөлімінің басшыларынан бұл мәселенің шешімін талап ету мүлде дұрыс емес. Бұл жерде діни сауатты психологтар көмек жасағаны жөн сияқты.

-Орамал дегеннен шығады. Мектептің оқу бағдарламасындағы дінтану пәні мазмұнымен таныссыз ба? Сіздіңше оқушы деңгейі ескерілген бе, сонымен қатар, оқулық мазмұны осы пәнді енгізудегі мақсатқа сай ма?

Әрине таныспын! Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен келісім шартқа қол қойған Алматы қаласының бес орта білім беретін мектептерінде дінтану мамандығының 4 курс студенттері бір ай аралығында педагогикалық практика өтеді. Олар 9-сынып оқушыларына «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсы бойынша сабақ жүргізу тәжірибесін алады. Қазір оқытылып жатқан Досай Кенжетайдың «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқушы деңгейіне толық сай жазылған. Әр тақырыпқа байланысты сұрақтары мен тапсырмалары бар. Тілі де жеңіл. Тек соны оқушыларға дұрыс жеткізе білу керек. Өкінішке қарай, бағдарлама аптасына бір рет өтетін курстан терең меңгерілмейді және одан мектептегі діни мәселелердің шешімін күту дұрыс емес деп ойлаймын.

-Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Не айтсам да, не жазсам да қоғамға пайдалы болуы керек. Алдымда отырған аудиторияға шамам келгенше бар біліміммен ортақтасу. Әсіресе қазақ жастарының ұлттық менталитетінің дамуына ықпал ету.

-Салихалы сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Руслан ҚАМБАР