Қазақстанда БҰҰ бітімгершілік симпозимуы өтеді
Астана. 1 ақпан. KAZISLAM – Ағымдағы жылдың мамыр айында елімізде Біріккен ұлттар ұйымының бітімгершілік симпозимуы өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.
«Біз өткен жылы 340 бірліктен астам әскери техника құралдарын сатып алдық. Қазақстан әскери техниканың басым бөлігін өзінің стратегиялық серіктесі — Ресей Федерациясынан сатып алады. Сонымен қатар, бізде әскери техниканың белгілі бір түрлері шығарылатын қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бар. Негізгі қарулы техниканы көрші елден сатып алғанымызбен, күрделі жөндеу жұмыстарын Қазақстанда жүргіземіз», — деді вице-министр.
Талғат Мұхтаров ағымдағы жылы қарулы күштер саласында өтетін ауқымды шараларға тоқталып өтті.
«Біз жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткіземіз. Сонымен қатар, осы жылы өтетін маңызды шараның бірі ретінде мамыр айында Қазақстанда БҰҰ бітімгершілік симпозимуын атар едім. Елімізде алғаш рет БҰҰ деңгейінде мұндай шара жоспарланып отыр. Шараға қорғаныс министрлері, БҰҰ басшылары шақырылады және шара тақырыбы жаңа технологиялар мен оларды бітімгершілік мақсатында пайдалануға қатысты болмақ», — деген ол қазір аталған шараға қызу дайындық жүріп жатқанын айтты.
Вице-министр әскердегі құқық бұзушылық өткен жылы 9 процентке төмендегенін айтты. Бұған профилактикалық және тәрбиелік жұмыстар мен кадрларды қызметке қабылдау барысында жүргізілген тиісті түсіндіру жұмыстары ықпал етіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін вице-министр 40 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемімен қамтылғаны жайлы айтқан болатын.
Дереккөз: http://kazislam.kz/