Қазақстан терроримзге қарсы іс-қимылда БҰҰ-ның жетекші рөлін қолдайды
Алматыда БҰҰ Даму Бағдарламасы «Зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу және жастардың оған тартылуы – өзара байланыстың анализі» тақырыбында Өңірлік диалог өтті.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараның ашылу салтанатында БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі — БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов және Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко сөз сөйледі.
С. Василенко Қазақстан терроримзге қарсы іс-қимылда өзінің жеке және шетелдік тәжірибе мен практика негізінде БҰҰ-ның жетекші рөлін белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Қазақстандық дипломат өңірлік және жаһандық қауіпсіздік жүйелеріне еліміздің белсенді қатысатынын және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді болдырмау бойынша мемлекеттік деңгейде іске асырылып жатқан ауқымды шаралары туралы, сондай-ақ террористік және экстремистік көріністердің алдын алудың жалпымемлекеттік жүйесін жетілдіру жөнінде әңгімеледі.
Дискуссиялар барысында бірқатар маңызды проблемалар талқыланып, күн тәртіптегі өзекті мәселелер, атап айтқанда ауған қоғамында жастардың радикализациялануының түпкілікті себептерін анықтау мақсатында Ауғанстанда зерттеу эксперименттерін өткізу және қақтығыс аймақтарындағы жауынгерлердің жұбайлары мен балаларының оралуының «кейінгі әсері» проблемасы бойынша сарапшылық пікір алмасты.
Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы Орталық Азияда терроризмге әкелетін зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алуына бағытталған БҰҰ ДБ өңірлік жобасы шеңберінде бес өңірлік диалогтың екіншісін өткізуде. Бірінші өңірлік диалог 2018 жылы қыркүйекте Бішкекте өтті.
Бюджеті 6,4 млн доллар құрайтын жобаны Жапония Үкіметі қаржыландырады және БҰҰ ДБ Ыстанбұл өңірлік хабының стратегиялық қолдауымен БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы, Түрікменстандағы офистері жүзеге асырады. Жоба шеңберінде мүдделі тараптарды біріктіру және зорлық-зомбылық экстремизмді түсіну және оған ден қою шараларын кеңейту мақсатында диалогты дамыту бойынша өңірлік іс-шаралар сериясы қарастырылған.