Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының келешегі талқыланды
Астана. 20 қараша. KAZISLAM – Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Георгий Церетелимен кездесті, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламенті үшін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бірінші кезекте қызығушылық тудыратынын, сенаторлардың халықаралық қызметінде оның жұмысына белсенді қатысу басымдыққа ие екенін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етіп, Президент Н. Назарбаевтың таяуда жария етілген Жолдауындағы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларға жан-жақты тоқталды.
Сенат төрағасының пікірінше, Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистика байланыстарын кеңейту баса назар аударуды талап етеді, ол аймақ тұрақтылығын қолдаудағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Сенат төрағасы атап өткендей, Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылының басым бағыттарының қатарында көлік, қауіпсіздік, кибер қауіпсіздік, заң үстемдігі мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бар. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ ПА-ның таяуда Бішкекте өткен сессиясының нәтижелері туралы оң пікір білдірді және мұндай шаралар Орталық Азияның өзекті мәселелеріне халықаралық қоғамдастық назарын аударуға ықпал ететінін айтты.
Георгий Церетели Қазақстанды ЕҚЫҰ-ның маңызды әріптестерінің бірі ретінде атады және ортақ қатерлерге бірлесе қарсы тұру мақсатында өзара үнқатысуды өрістетуге елеулі түрде күш салу ниетін білдірді. ЕҚЫҰ делегациясының басшысы Қазақстанда жүзеге асқан конституциялық реформаны жоғары бағалады және Парламент міндетінің кеңеюі мен заң үстемдігін қолдауға арналған құқықтық өзгерістердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ сот-құқықтық реформалар, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризммен күрес мәселелері бойынша Қазақстанмен тығыз үнқатысуды одан әрі жалғастыру ниетінде болып отыр.