Қазақ баланы қырқынан қалай шығарған

0

Қазақта сәби дүниеге келген күннен бастап түрлі салт-дәстүрлер орындалады — шілдехана, қырқынан шығару, бесік той, тұсау кесер, сүндет той. Бүгінде бұл салт сақталған ба? Осы ретте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Зылиха Ибадуллаева Tengrinews.kz тілшісіне баланы қырқынан шығару дәстүрінің мәні мен маңызы және ол дәстүрдің қалай өткізілетінін айтып берді.

Қырқынан шығару дәстүрі бойынша, баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдыска қырық қасық су құйып шомылдырады. Сәбиді қырқынан жасы үлкен, құрметті әрі сыйлы үш әйел адам шығарады. Кейбіреулер қырық күн сәби үшін де, анасы үшін қатерлі әрі қауіпті кезең екенін айтып жатады. Сол себепті, қырық күнге дейін бала ана құрсағындағы шашымен, тырнағымен жүреді. Қырық күнге дейін сәбиді көпшілікке көрсетуге болмайды деп жатады. Этнологтың айтуынша, бұл дәстүр арқылы халқымыз сәбиді адам қатарына қосылды деп санаған.

«Баланы қырқынан шығару — қазақ халқының бала тәрбиесіндегі әрі адамның өмір сүру, тіршілік циклындағы ең  маңызды дәстүрлердің бірі. Себебі, сәбидің дүниеге келгенінен бастап қырық күнге дейінгі кезеңді баланы «ит жанды» ретінде көрсетіп, қалай болғанда да «өтпелі кезеңді» бастан өткерді деп түсініп, соның негізінде оны 40 күнде қырқынан шығарып отырған. Бұл кезеңде баланы «ит жанды» кезеңінен өтті, бауырын көтеріп, мойнын тіктеді деп қырқынан шығару рәсімін жасаған», — дейді Ибадуллаева.

© toibiznes.kz

Ол қыз балаларды қырқынан 40 күннен асырып шығарса, ұл баланы 40 күнге жеткізбей де қырқынан шығара беретінін айтады. Айтуынша, әдетте қырқынан шығарарда қырық қасық су құйылған ыдысқа күмістей жарық болсын әрі таза, адал болсын деген ниетпен күміс сақина, жүзіктер салынатын болған. Күміс адалдықтың, тазалықтың символы саналған.

© bopeshka.kz

© toibiznes.kz

Ал кейбіреулер ыдысқа малдың құмалағын салған. Осылайша, олар бала малды, жанды болсын деп ырымдаған. Қырық түрлі тілек айтылған кейін баланың тырнағы мен қарын шашы алынады. Сәбидің тырнағын аяқ баспайтын жерге көміп тастайды да, ал қарын шашты шүберекке тұмарша етіп түйіп, баланың оң иығына қадайды екен. Және дәстүр бойынша кіндік шешесі балаға алтын түйреуіш немесе оны тіл-көзден сақтайтын басқа сыйлық береді.

Қырқынан шығару дәстүрін өткізу үшін не қажет?

— Ас жаулық (дастарқан жаю үшін); — Шыныдан немесе ағаштан жасалған тостаған мен ағаштан жасалған қасық (қырқынан шығаруға арналған арнайы ыдыс-аяқтар да сатылады);  — 40 тиын (күмістен жасалған, 20, 50 немесе 100 теңге); — Күміс әшекей бұйымдар; — 40 үрмебұршақ ; — Қайнатылған таза су; — Маникюр қайшысы; — Қонақтарға кішігірім сыйлықтар.

Молдир Калыкова