Қарияны мешітке жетектеген Ібіліс

0

Күндердің күнінде Аллаға шынайы берілген бір тақуа қария болыпты. Ол әр намазын мешітке барып үзбей оқуды әдетке айналдырған екен. Содан бір күні кешкі намазды мешітке барып оқымақ болған қария қатты науқастанып қалса да мешітке шығады. Екі аяққа әрең тұрып келе жатқан ол жолда екі рет сүрініп құлап, қатты әбіржіп қалады. Сол сәтте қолтығынан біреу көтеріп алып, мешітке дейін жеткізіп салады. Жеткен сәтте қария:

— Әй, шырағым саған Алла разы болсын. Сен кімнің баласысың?, дейді. Сонда ол:

— Мен – Ібіліспін.

— Олай болса сен неге маған жақсылық жасап жатырсың?

— Сен жолда екі рет сүрініп оңбай құладың. Сенің Аллаға деген шынайы ниетіңді біліп, енді құласаң өліп қалып, жәннәтқа кіріп кетер ме екен деп өлтірмей мешітке жетелеп келдім. Сен өзіңе қарап жүр. Мен сені әлі талай азғырамын,-деп ғайып болған екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы








Дереккөз: http://kazislam.kz/