Қарғыс алған әулие

0

Бұрынғы өткен үмбет ішінде Журайж есімді діндар өмір сүрген екен. Анығырақ айтқанда, Исраил ұрпақтары үмбетінің ішінде ғұмыр кешкен Журайж ауылдың шетіне лашық салып, соның ішінде күндіз-түні шаршамай, талмай ғибадат жасайды. Күндердің күні анасы: Әй, Журайж!,-деп шақырады. Көмек сұрағысы келді ме, әлде, басқа бір шаруамен бе, әйтеуір, анасы баласын атын айтып шақырғанда Журайж: «Анама барайын ба, әлде, құлшылығымды жалғастыра берейін бе?»,-деп ойланып, ақыры ғибадаттың ләззатына кіріп кеткен діндар анасына асылық жасап қояды.

Анасының көңілі қалып: «Уа, Алла! Балам жеңілтек әйелдің бетін көрмейінше өлмесін»,-деп налиды. Осылайша арада күндер өтіп жатты. Тақуаның лашығын көріп жезөкше әйел жақындап келіп арам пиғылмен діндарды азғырады. Мұндайға Журайж ешбір мән бермей намазы мен мінәжатын жасай береді. Арамдығы жүзеге аспай қалған әлігі әйел маңайда жүрген қойшыны азғырып, екеуі ойнастық жасайды. Арада тоғыз ай өтіп, жезөкше бала туып алады. Жұрт әйелді жазаламақ болғанда, әйел баланы діндардан туып алдым деп, тақуаның масқарасын шығарады. Ел-жұрт: Үндемегеннен үйдей пәле деген осы деп діндардың лашығын қиратып, өзін таяқ астына алады. Сонда Журайж бір мұрсат беріңдер деп кінәлі емес, ақ екенін дәлелдеуге уақыт сұрайды. Халық та келіседі. Журайж дәрет алып, құлшылық етіп Аллаға жалбарынып, дұғасын жасап, соңыра баланы қолына алып тұрып: «Ей, бала әкең кім?»,-деп сұрайды. Сонда Құдайдың құдіретімен: «Қойшы»,-деп жауап береді. Жұрт тақуаның расымен де әулие адам екеніне көзі жетіп: Ойбай, саған лашығыңды алтыннан тұрғызып берейік,-деп жатты. Журайж болса, жоқ сол баяғыша балшықтан қайта көтеріп берсеңдер болды»,-дейді.

Бұл — Бұхаридің сахих кітабында, сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадис. Хадисте оқиғаның түйіні, адам қаншалықты Аллаға құлшылық етсе де, ата-анасын ренжітетін болса ақыры бір жамандыққа тап болады. Журайжды аман сақтап қалған екі нәрсе болды: Бірі құлшылығы болса, екіншісі анасы тек «жезөкшенің бетін көрмейінше» деп айтқаны. Сондықтан тақуа тек жаман әйелдің жүзін көріп, ары қарай күнәға бармады.

 Руслан ҚАМБАР

Исламтанушы

Дереккөз: http://kazislam.kz/